
Аптап ыстыққа байланысты Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.
- Күн ысыған сайын өрт және судағы жазатайым оқиғалар қаупі туындайды. ТЖД мәліметтері бойынша, бір апта ішінде 302 шақырту болған екен, 16 адам құтқарылған, 18 өрт тіркелді. Өкінішке орай, шомылу кезінде екі адам, оның ішінде Нұра ауданында бір бала суға батып кетті, - деді аппараттық кеңесте Ермағанбет Бөлекпаев. - Алдын алу шаралары жүргізілуде, бірақ бұл жұмысты күшейту қажет. Әкімдер ТЖД және полиция қызметкерлерімен бірлесіп барлық су айдындарында, ұлттық парктерде рейдтер жүргізсін, кезекшілік ұйымдастырсын, жабдықталмаған орындарда шомылуға тыйым салу туралы белгілер белгілесін.
Тәуекелдерді азайту үшін бақылау күнделікті болуы керек, деп атап өтті аймақ басшысы.
Қарағанды облысында 3-6 маусым аралығында дауылды ескерту жарияланды. Синоптиктердің болжамы бойынша осы күндері өнірде 40 градустан асатын ыстық болуы мүмкін.