Қарағанды қаздрамтеатры Түркияда өткен екі фестивальде өнер көрсетті

Қарағанды қаздрамтеатры Түркияда өткен екі фестивальде өнер көрсетті

С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры Түркияда гастрольдік сапармен болып қайтты. Ұжым өз спектакльдерін екі халықаралық фестивальде ұсынды: Трабзон және Конья қалаларында.

- Трабзонда 23-ші Халықаралық Қара теңіз театр фестивалі, Коньяда - "Мың тыныс, бір үн" халықаралық түркітілдес театрлар фестивалі өтті. Оларға қатысу өте беделді болып саналады. Біз өтініш беріп, іріктеуден өттік. Түрік жұртшылығы бізді жылы қабылдады және "Текебұрқақ" атты философиялық музыкалық қойылымымызды жоғары бағалады. Екі қалада да аншлаг болды, - деді С. Сейфуллин атындағы қаздрамтеатрдың көркемдік жетекшісі Айдын Салбанов.

Оның айтуынша, сыншылар да жақсы баға берген. Қарағандылықтар 2024 жылы Татарстанда өтетін Түркі халықтарының "Наурыз" Халықаралық театр фестиваліне шақырылды.

Айдын Салбанов сондай-ақ алдағы жоспарларымен бөлісті. Театр музыкалық мәртебеге ие болды және келесі маусымның ашылуына "Қыз Жібек" опереттасын дайындайды.