
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев дарынды оқушылармен кездесті. Бейресми әңгіме барысында балалар аймақ басшысынан мұғалімдері есінде ме, қандай кітап оқисыз деп сұрады. Ермағанбет Бөлекпаев отбасындағы қарым-қатынас туралы айтып, туған мектебі туралы естеліктерімен бөлісті.

- Шынымды айтсам, отбасыммен уақыт өткізуге қолым тие бермейді. Жұмыс көп. Өйткені, әкім болу дегеніміз бедел емес, бірінші кезекте халық алдындағы жауапкершілікті сезіну. Бірақ мен бәріне үлгеруге тырысамын. Мен сіздердің сезімдеріңізді жақсы түсінемін. Менің қызым да биыл Назарбаев Зияткерлік мектебін бітіріп жатыр. Ол үздік диплом алады деп үміттенеміз. Сіздерге барлық мақсаттарға қол жеткізулеріңізді тілеймін, - деді облыс әкімі.
Түлектерге ол өз туған мектебі мен мұғалімдерін ұмытпау керектігін атап айтты.
- Мен Шет ауданы Өспен ауылында туып өстім. Алдымен тастан салынған бір қабатты мектепте оқыдым. 1986 жылы жаңа мектеп салынды, оны көтеруге ауылдың барлық тұрғындары көмектесті. Қазір де түлектер туған мектебіне көмектесуге тырысуда. Бұл педагогтарға құрмет, - деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. - Менің сынып жетекшім дене шынықтыру мұғалімі болды. Қазір ол зейнеткерлік демалыста. Менің мұғалімдерім керемет болды. Сіздер қай жерде болсаңыз да, кім болсаңыз да, әрқашан мұғалімдеріңізді есте сақтап, құрметтеулеріңіз керек. Сонымен қатар, менің анам да мұғалім.
Әкімнің айтуынша, ол кітап оқығанды ұнатады. Жақында оқыған кітабы – Уинстон Черчилльдің "Екінші дүниежүзілік соғыс" деген шығармасы туралы да айтып берді.

Кездесуге қатысушылар өз жетістіктерімен бөлісті. Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі Рамазан Пердебай – республикалық және халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері. Бірден алты қазақстандық университет оны грант бойынша оқуға шақырған.

- Мен шетелдік университеттердің гранттарына үміткер бола алар едім, бірақ өтінімдерді тек отандық университеттерге тапсырдым. Мен өз отанымда, туыстарым мен жақындарым, достарымның арасында оқығым келеді. Назарбаев университетін таңдадым, болашақта IT саласында жоғары білікті маман болғым келеді, - дейді Рамазан.


Биыл Қарағанды облысының командасы жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша республикалық рейтингте III орынға ие болды. Ермағанбет Бөлекпаев республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сертификаттар мен дипломдар, ал олардың тәлімгерлеріне алғыс хаттар табыс етті.





