
Қарағанды облысының әкімімен кезекті кездесу барысында Осакаров ауданының тұрғындары 8 млрд теңгеге сұрақтар қойды. Проблемаларды ақшалай баламаға аудара отырып, Ермағанбет Бөлекпаев оларды кезең-кезеңімен шешуге уәде берді. Негізінен ауыл тұрғындары жолдардың сапасына, білім және медицина нысандарын жөндеуге, жұмысқа орналасу секілді сұрақтарға жауап алғылары келді.

Әңгіме баяндамалар мен сандарсыз басталды. Өңір басшысы ауыл тұрғындары үшін бірінші міндет – облыстың барлық елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету екенін айқындады. Озерное, Ералы, Пионерское кенттерінде сумен қамтамасыз ету құбырлар жүйесін орнату және Осакаровка кентіндегі жетінші кезек желісін салу жалғасады. Сенокосное, Николаевка, Садовое және Трудовое ауылдарында су құбырының құрылысы басталды. 2200-ден астам адам ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

"Ауыл – Ел бесігі" бағдарламасы бойынша Озерное, Батпақты және Садовое ауылдарындағы мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтеді. Ақбұлақ ауылындағы мектепті қайта жаңарту басталады. Жоба екі жылдық. Озерное ауылында ФАП құрылысы аяқталады. Есіл, Сарыөзек, Ошағанды ауылдарының кентішілік жолдары жөнделеді.

Сондай-ақ, Молодежный кентіндегі "Айгөлек" балабақшасын күрделі жөндеу жоспарланған.

Молодежный кентінің тұрғындары алдағы жылыту маусымы қалай өтетініне алаңдайтындарын жеткізді.
– Биыл облыстық бюджеттен қазандықты жөндеуге ақша бөлінді. Бес қазандық орнатылады, ұсатқышты сатып аламыз, электр қуатын ішінара жөндейміз. Қалған қаражат жылумен жабдықтау жүйесіне жұмсалады. Қазандықты техникалық тексеруді аяқтағаннан кейін күрделі жөндеуге ЖСҚ жасаймыз, – деді Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов.
Облыс басшысы аудан әкіміне қазандықты жақсы көмірмен қамтамасыз етуді тапсырды.
– Бүгін сұрақтар аз болды, бірақ олар терең және жалпыға ортақ еді. Демек, халықтың өз ауылы, өз округі, туған өлкесі үшін жаны ашиды. 8 млрд теңгеге ойланып қалдым, – деп әзілдеді Ермағанбет Бөлекпаев. – Барлық мәселелер орынды, оларды кезең-кезеңімен шешетін боламыз.

Кездесу соңында өңір басшысы азаматтарды жеке қабылдады.