
Қарағанды облысына ЕО Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас бастаған Еуропалық Одаққа мүше елшілердің делегациясы келді. Қонақтармен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кездесті. Өңір басшысы қалалар мен аудандардың инвестициялық тартымдылығы туралы айтты.
Қарағанды облысының аумағында ЕО елдерінің серіктестерінің қатысуымен құрылған 164 кәсіпорын жұмыс істейді. Шетелдік инвесторларды тарту үшін "Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағы және Саран қаласында индустриялық аймақ құрылды. Мұнда резиденттер үшін салықтық және кедендік преференциялар, сондай-ақ қажетті инфрақұрылым қарастырылған.
– Қолайлы инвестициялық ахуал, бай шикізат базасы, облысымыздың стратегиялық тиімді географиялық орналасуы облыс экономикасына инвестициялардың кедергісіз ағыны үшін оң жағдай жасады. Сонымен қатар, өзара ынтымақтастықты одан әрі арттыру үшін зор әлеует бар екеніне сенімдімін, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Еуроодақ елшілері ЕО елдері мен Қазақстан арасындағы тауар айналымын арттыру үшін көлік жүйесін кеңейту қажеттігі туралы айтты.
– Ең бастысы – байланыс орнату, яғни контейнерлерді, жүктерді тасымалдау. Біз Транскаспий дәлізін пайдалану рәсімдерін жолға қою мүмкіндігін кеңейтуге назар аударуымыз керек. Еуроодақ пен Қазақстан өткен жылы өз қарым-қатынастарын қарқынды дамытқанын атап өткім келеді. Біздің компаниялар тек өндірісті ғана емес, келуге, инвестициялауға және өндірісті құруға дайын. Бұл жаңа жұмыс орындарын құруға көмектеседі, – деді Кестутис Янкаускас.
Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні Еуроодақ елшілері Спасск мемориалындағы ескерткіш белгілерге гүл шоқтарын қойды.