Жаз бойы Қарағанды облысында алты мыңға жуық баланы жүзуге үйретеді

Жаз бойы Қарағанды облысында алты мыңға жуық баланы жүзуге үйретеді

Су қоймаларының жай-күйін тексеру, полиция мен әкімдіктің қатысуымен жағажайларда рейдтер жүргізу, балалардың терезеден құлауының алдын алуды күшейту – Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысында жауапты ведомстволарға осындай тапсырмалар берді. Жеке блокта жазғы кезеңдегі балалар қауіпсіздігі туралы мәселелер қозғалды.

Кеңес облыстың барлық қалалары мен аудандары әкімдерінің, сондай-ақ басқарма басшыларының қатысуымен онлайн-режимде өтті.

– Қазірге күннің өзекті проблемасы – балалардың терезеден құлауы. Осы жылдың басынан бері 11 факт тіркелді, оның ішінде біреуі өліммен аяқталды. Өткен жылы алты бала суға батып кетті. Статистика көңілге қаяу келтіреді, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Бүгінгі таңда облыста шомылуға рұқсат етілген орындар анықталды. Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметованың айтуынша, жазғы кезеңде алты мыңға жуық баланы жүзу дағдыларына үйрету жоспарлануда.

– Өткен жылы жеке жаттықтырушыларды тарта отырып, біз бес мыңға жуық баланы жүзуге үйрете алдық. Оның ішінде әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 553 бала. Биыл алты мыңға жуық баланы жүзуге үйрету жоспарлануда. Өңірде 17 бассейн бар, олардың әрқайсысымен меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, Шет және Бұқар жырау аудандары, Теміртау қаласы үшін қаңқалы бассейндер сатып алынады, – деді Гүлсім Қожахметова.

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шаралар кешені қабылданды. Сонымен, барлық қала маңындағы лагерьлерде полиция инспекторлары кезекшілік ететін болады. Девиантты мінез-құлқы бар және қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды жұмыспен қамтуға ерекше назар аударылады.

Ермағанбет Бөлекпаев жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

– Белсенді алдын алу шаралары жақсы, бірақ олар әрқашан мәселені шеше бермейді. Су қоймаларының, әсіресе Нұра және Шерубай-Нұра өзендері сағаларының жай-күйін тексеру қажет. Сондай-ақ, балалардың терезеден құлауының алдын алу бойынша ақпараттық жұмыс жүргізу қажет, – деді облыс әкімі.

Фото Prostock-studio/Shutterstock.com