
Қарағанды хайуанаттар бағында пони, ат және түйе мінуге арналған екі шағын ипподром салынды. Иппотерапияға мұқтаж балалар үшін жылқылар мен алаң тегін беріледі.
– Биыл біз екі шағын ипподром салдық. Олардың бірі пони мінуге арналған. Екіншісі – түйе мен атқа мінуге қолайлы етіп жасалды. Біз сондай-ақ күйме үшін шеңбер жасауды жоспарлап отырмыз. Бізде бір уақытта екі ипподромда да жүруге болады. Олар таза ағаш материалмен қоршалған. Хайуанаттар бағының шетінде орналасқан. Ендігі кезекте келушілер үшін аймақты абаттандыру ғана қалды. Олар үшін күн сәулесінен қорғайтын шатыр жасалды, орындықтар қосып, дәретхана орнату керек. Кеңістікті ұйымдастыру кезінде біз барлық ағаштарды сақтап қалғанымызды атап өткім келеді, – деді Қарағанды зоологиялық паркінің директоры Гүлнар Адамбекова.

Әзірге хайуанаттар бағында демалыс күндері сағат 13.00-ден бастап жүруге болады.
– Ипподромдарда біздің қызметкерлер келушілермен жұмыс істейтін болады. Ал өздігінен ат мінгісі келетін адам бізге 44-18-43 нөміріне қоңырау шалып, жазыла алады. Біз жылқыны дайындаймыз. Иппотерапияны қажет ететін балаларға хайуанаттар бағы жылқылар мен алаңдарды тегін ұсынады, – деп қосты Гүлнар Адамбекова.
Екі ипподромнан басқа, олар жануарларды суаруға және тамақтандыруға арналған жазғы шатыр жасады.