
Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры өзінің мерейтойлық жылында көрермендерге тағы бір сыйлық дайындауда. Театр маусымының соңында Оскар Уайлдтың пьесасы негізінде "Үйлену өнері" атты жаңа мюзикл қойылады. Спектакльдің премьерасы 24 және 25 маусымда Кеншілер мәдениет сарайының сахнасында өтеді.

Қойылымға Мәскеуден режиссер Игорь Бунаков шақырылды.
– Қазақстанға мен қоюшы-режиссер ретінде алғаш рет келіп отырмын. Ойламаған жерде жолым түсе қалды. Жаңа команда әрқашан қызықты. Жаңа адамдар, жаңа кеңістік – бұл сізді алға жылжытады, – дейді Игорь Бунаков. – Оскар Уайлдтың пьесасы көптеген театрларда қойылды. Әрине, әркім өз үлесін қосады. Біз таң қалдыруға тырысамыз. Тосынсыйлар болады. Уақыт аз, бәрі өте тығыз мерзімде жасалып жатыр. Бірақ қазірдің өзінде көп нәрсені аяқтап үлгердік. Бүкіл пьесаны қамтыдық, актерлер материалды өте жақсы меңгеріп жатыр. Әрі қарай, біз музыкалық нөмірлермен айналысамыз және бәрін байланыстырамыз. Интрига соңына дейін сақталуы керек.
Оның айтуынша, басты кейіпкерлерді орындаушылар премьера жақындағанда анықталады. Әзірге дайындық барысында актерлер рөлдерін ауыстырып, жас ағылшын ақсүйектерінің бейнелерін сынап көрді.
Мюзиклдің қойылымына Санкт-Петербургтен екі маман қатысады: балетмейстер Дмитрий Устюжанин және суретші Вера Дуброва.

"Байыпты болу қаншалықты маңызды" комедиясын Оскар Уайлд 1894 жылы жазған. Көп жылдар өткен соң оны композитор Владимир Баскин мен либреттист Евгений Муравьев мюзиклге айналдырды. Спектакль көңілді, мейірімді және ирониялық, шым-шытырық интригамен. Бұл екі лондондық дэндидің үйленуге шешім қабылдағаны туралы әңгіме. Алайда, олардың таңдаған болашақ жарлары Эрнест есіміне байланып қалған. Ғашықтарының жүрегін жаулап алу үшін өтірік айтып, өздерін басқа адамдар ретінде көрсетуге мәжбүр. Бірақ махаббат бәрін өз орнына қояды.
Қарағанды музыкалық комедия театры – Қазақстандағы оперетта және мюзикл жанрында өнер көрсететін жалғыз театр. Биыл ұжым 50 жылдығын атап өтуде.