
Қарағанды облысында алғаш рет оныншы сынып оқушылары арасында Daraboz зияткерлік байқауы өтті. Бірінші орынды Н. Нұрмақов атындағы ММЛИ оқушысы Жәния Жұмағали иеленді.

Облыстық кезеңге аудандық және қалалық турлардың Гран-приін алған 24 оқушы қатысты.

– Ойынның мақсаты – балалар өздерінің жан-жақты білімдерін көрсетуі. Сұрақтар бірнеше саланы қамтиды: әдебиет, тарих, медицина, спорт, ғылым, мәдениет және т. б. Сондай-ақ сұрақтардың барлығы біздің елге қатысты болды.

Байқау сонымен қатар көшбасшылық қасиеттерді дамытуға ықпал етеді. Бұл "Дарын" ойынының нұсқасы. Енді біз оны жыл сайын өткізгіміз келеді, – дейді "Сарыарқа дарыны" балаларға арналған қосымша білім беру өңірлік ғылыми-практикалық орталығының басшысы Нүркен Ашықпаев.

– Байқау өте қызықты, ойын түрінде ұйымдастырылған. Қалалық турда мен Гран-при алдым және облыстық кезеңге өттім. Байқау ұнады: білімімді тексеруге мүмкіндік болды. Физика және математика, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен олимпиадаларға жиі қатысамын. Болашақта математика пәнінің мұғалімі болғым келеді, – деп бөлісті Балқаш қаласының № 9 ЖББМ 10-сынып оқушысы Жұлдыз Бөде.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Н. Нұрмақов (Қарағанды) атындағы ММЛИ оқушысы Жәния Жұмағали иеленді. Балқаш қаласының Абай атындағы № 2 мектеп-лицейінен Мадина Асанова екінші орын алды. Үшінші орын Шет ауданы Ж. Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Ажар Боранбайға бұйырды.

Жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табысталды.


