
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің базасында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Жас сарапшылар клубы өкілдерінің Қарағанды облысының сарапшылар қауымдастығымен кездесуі өтті. Клуб мүшелері өз қызметі туралы ақпараттармен таныстырды.

Кездесуге Қарағанды облысының ғылым, бизнес және басқа да салаларының 30-ға жуық сарапшылары қатысты.
Сенат Төрағасы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Жасұланбек Майлыбай өз сөзінде клуб аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар, оның мүшелерінің заң жобаларын әзірлеуге қатысуы, парламенттік тыңдаулар, сараптамалық консультациялар, сондай-ақ Талдау мектебі жобасы туралы айтып берді.

Сенат Төрағасының кеңесшісі Жұлдыз Ысқақова мемлекеттік саясатты іске асыруда дәлелді, ғылыми негізделген тәсілді енгізудің маңыздылығын атап өтті. Ол үшін барлық деңгейдегі сарапшылар қауымдастығы шешім қабылдау процесіне қатысуы керек.
Сарапшылар өңірді дамыту мәселелерін, түрлі өзекті бағыттар бойынша проблемаларды, сондай-ақ клубпен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндіктерін талқылады.

Естеріңізге сала кетейік, алаң ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Жас сарапшылар клубы 2020 жылдың қазан айынан бастап жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде ел дамуының түрлі мәселелері бойынша Сенат спикері мен бейінді министрлердің қатысуымен 12 отырыс өткізілді.
Қазіргі уақытта Сенат Қарағанды облысының сараптамалық қоғамдастығымен жұмысты қоса алғанда, өңірлермен өзара іс-қимыл бойынша кешенді жұмыс жүргізуде.
ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша
Фото Александр Марченко