
Қарағанды облысында Worldskills Karaganda-2023 өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаты аяқталды. Бір ай бойы жарыс 17 колледж алаңында өтті. Студенттер 45 мамандық бойынша жарысты. Салтанатты рәсімде жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.

Жыл сайын чемпионатқа қатысушылар мен құзыреттер саны артып келеді. Биыл Қарағанды облысы колледждерінің 277 студенті өз шеберліктерін көрсетті. Байқау кірпіш қалау, құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары, сантехника және жылыту, кескіндеме және сәндік жұмыстар, бизнеске арналған IT-шешімдер, ЧПУ станоктарында токарлық жұмыстар, CAD инженерлік графикасы, прототиптеу, мехатроника және т.б. сияқты мамандықтар бойынша өткізілді. Чемпионатқа 100-ден астам әлеуметтік серіктестер мен жұмыс берушілер қатысты.

"CAD инженерлік графикасы" бағыты бойынша Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің үшінші курс студенті Павел Катков алтын медаль жеңіп алды. Ол "Есептеу және бағдарламалау" мамандығы бойынша оқиды.

– Біз осы құзыретте тек алты қатысушы болдық. Негізгі міндеттер бөлшектер мен механизмдердің 2D сызбаларын дұрыс оқып, содан кейін осы сызбалардың негізінде 3D моделін құрастыру, содан кейін осы бөлшектердің барлық құрамдас элементтерінің қозғалыс анимациясын жасау болды, – дейді Павел Катков. – Дайындық барысында алған дағдылар маған көп көмектеседі. Чемпионат жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қазір мен республикалық жарысқа қарқынды дайындалып жатырмын. Бір айдан кейін Астанада Қарағанды облысының атынан шығатын боламын.

Чемпионат қорытындысы бойынша 129 жеңімпаз және жүлдегер анықталды. Бірінші орын иегерлері – 26. Олар Қарағанды облысының намысын WorldSkills Kazakhstan – 2023 республикалық чемпионатында қорғайтын болады.