ҚарУ-де қазақстандық журналист Қуандық Шамақайұлын еске алу бұрышы ашылды

ҚарУ-де қазақстандық журналист Қуандық Шамақайұлын еске алу бұрышы ашылды

Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде белгілі журналист, жазушы, қоғам қайраткері Қуандық Шамақайұлын еске алу бұрышы ашылды. Маңызды оқиға ЖОО-да журналистика кафедрасының құрылғанына 30 жыл толуына арналды.

Қуандық Шамақайұлы 1960 жылы 1 қаңтарда Моңғолияда дүниеге келген. 1983 жылы Моңғол мемлекеттік университетін "журналистика" мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын "Ардын эрх" және "Ил товчоо" газеттерінде бастаған.

ҚарМУ журналистика факультетінің құрылуына қатысып, кейіннен сабақ берді. Сондай-ақ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Қаржы академиясының студенттеріне сабақ берді. Көптеген оқулықтар мен монографиялар жазды, 200-ге жуық ғылыми мақалалар шығарды.

Журналистика кафедрасында еске алу бұрышының ашылуы кезінде Қуандық Шамақайұлы туралы естеліктер жинағының тұсаукесері өтті. Оның құрастырушысы – журналистің жұбайы Айша Құрманғали.

– Ол журналистиканың теориясы мен практикасын теңестірген жан-жақты ғалым және жазушы болды. Қуандық Шамақайұлы оқытушы ретінде ғылыми мақалалар мен монографиялар жазып қана қоймай, өзекті әлеуметтік мәселелерді қозғап, өз пікірін айтудан қорықпады. Еліміздегі "Қазақстан Республикасының Ақпарат үздігі" және "Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері" төсбелгілерімен марапатталған алғашқы журналистердің бірі болды. Ол өз халқына адал қызмет етудің үлгісін көрсетті. Жинақта замандастарының, достары мен студенттерінің Қуандық Шамақайұлы туралы естеліктері жинақталған, – дейді Айша Құрманғали.

Фотолар Жібек Мұқашеванікі