
Қарағандыда 10–11 жастағы балалар арасында "Комиксburg" байқауының жеңімпаздары марапатталды. Шығармашылық жарыс қазақ балалар әдебиетінің кемеңгері Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 100 жыл толуына орайластырылды.
Ұйымдастырушысы – Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы. Биыл ол да 70 жылдық мерейтойын атап өтуде.
– Байқау бізде қаңтардан мамырға дейін өтті. Оған біз Мұзафар Әлімбаевтың шағын шығармаларын таңдадық, соның негізінде комикс сюжетін құруға болады – "Екі бұғы", "Сыпайылық сабақтары", "Түлкі мен қасқыр", "Жылан мен балық", "Сараң" және басқалар. Байқауға Қарағанды облысының қалалары мен аудандарынан 116-дан астам жұмыс жіберілді. Олардың барлығы әртүрлі, графикада, түрлі-түсті етіп жасалған. Биыл өңірдің шалғай аудандары да белсенді қатысты, – деді Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының кітапхана процестерін автоматтандыру бөлімінің басшысы Елена Кучаева.
Тәуелсіз қазылар алқасы жүлдегерлерді анықтады. Бірінші орынды теміртаулық Қуаныш Төлепбергенов пен Саран қаласынан Ақмарал Сембек бөлісті.

– Бұл байқауға өнер мектебіндегі мұғалімім қатысуды ұсынды. Кітапханада Мұзафар Әлімбаевтың кітабын таңдадым. Комикс үшін мен "Сараң" шығармасын алдым. Мен өзім адамдарды сыртқы келбеті бойынша бағалай алмайтынымды түсіндім: егер адам кедей болса да, ол соңғысын беру арқылы жомарт бола алады. Менің жұмысым алты эпизодтан тұрады. Комикстерді алғаш рет салдым. Болашақта дизайнер болғым келеді, – деп бөлісті Саран қаласының № 17 мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы Ақмарал Сембек.

Екінші орында Қарағанды тұрғыны Інжу Майданова және Осакаров ауданы Молодежный кентінен келген Анастасия Семенова. Үшінші орынды Қарқаралы ауданы Қ. Аманжолов ауылынан Еркеназ Жаңабай және Абай ауданы Топар ауылынан Ақерке Арыстанбекова жеңіп алды.

Қазылар алқасы арнайы ынталандыру номинацияларын да бекітті.
Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар, ал барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.