
Қарағанды Достық үйінде Халықаралық Отбасы күнінде, 15 мамырда жас отбасылар, сондай-ақ ондаған жылдар бұрын шаңырақ көтерген ерлі-зайыптылар құрметке ие болды.

Ахметовтар жұбы жарты ғасыр бұрын үйленген. Олар бес немере сыйлаған үш баласын тәрбиелеген. Отағасы Нұрабай Ахметов – құрылысшы, зейнеткерлікке шыққанға дейін прораб болып жұмыс істеген. Оның жұбайы Бикен Ахметова математика пәнінің мұғалімі, ал мамандығы бойынша журналист. Оның айтуынша, бірге өмір сүру – бұл әйел үшін де, ер адам үшін де үлкен жұмыс.

– Отбасы – адам үшін басты құндылық. Ал отбасының құндылықтары қазақ халқының салт-дәстүріне тән. Көп балалы отбасынан шыққан күйеуім екеумізді үлкендерді, ата-аналарды құрметтеуге, кішілерге ізет қылуды үйреткен. Осындай тәрбие алғаннан кейін біз өз отбасымызда да тиісті ұстанымға ие болдық. Мұның бәрі өз жемісін берді: біздің балалар лайықты азаматтар болып өсті. Мен өз тағдырыма ризамын. Жастарға өмірлік жарың ретінде таңдаған адамыңа құрметпен қарау керек, өз отбасыңды сақтап қалуға тырысу керек деп айтқым келеді, – дейді Бикен Ахметова.

Айзат Қалымжанова үш жыл бұрын жұбайы Еркебұлан Катаевпен бірге өздерінде екі баласы бола тұра, алты баланы патронаттық тәрбиеге алған. 32 жастағы Айзат – ағылшын тілінен оқытушы, ал оның жұбайы – кәсіпкер.
– Жалпы бізде сегіз бала бар. Үлкендер А. Молдағұлова атындағы ОБЖМСМ-да оқиды, олардың екеуі спорт шеберіне кандидат атағына ие. Кенже балаларымыз – мектепте. 2020 жылы патронатқа алған балалардың анасы қайтыс болды, әкесі жоқ. Олардың барлығы бір отбасынан шыққан. Иә, басында қорқынышты болды, бірақ біз қолымыздан келгенін жасап жатырмыз. Балалар белсенді, тату, оқуда және спортта үлгерімдері жоғары. Туған балаларымыз біздің шешімімізге түсіністікпен қарады. Бұл бізге әрі қарай жылжуға, балаларды көтеруге жігерлендіре түседі, – деп бөлісті көпбалалы ана Айзат Қалымжанова.

Қарағанды облысының ҚХА мүшелері осы тату көпбалалы отбасының ең кішкентай мүшесі Анвардың тілегін орындады – олар оған велосипед сыйлады.

Халықаралық Отбасы күнінде "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауы да басталды. Отбасы мүшелері еңбек, спорттық, зияткерлік, шығармашылық, ғылыми жетістіктері бар, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметке қатысатын жанұялар қатысуға шақырылады.

Қарағанды облысында 15 мамырда осы байқаудың аудандық және қалалық кезеңдеріне қатысуға өтінімдер қабылдау басталды, олардың жеңімпаздары Облыстың, содан кейін Республиканың ең үздік отбасы атағы үшін таласады. Құжаттарды қабылдау 15 маусымға дейін жалғасады. Қосымша ақпарат алу үшін жергілікті әкімдіктер жанындағы қалалық және аудандық комиссияларға хабарласуға болады.
Қарағандыда өтінімдер "Қарағанды қаласы әкімінің аппараты" ММ, каб. № 508 (әлеуметтік саланы және ішкі саясатты үйлестіру бөлімі), тел.: 42-08-90, 42-14-12, 8-708-953-72-09.
