Ермағанбет Бөлекпаев ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтады

Ермағанбет Бөлекпаев ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтады

Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысының 13 қатысушысы қалды. Олардың алтауы өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың Жеңіс күніне арналған салтанатты қабылдауына қатысты. Олардың ең кішісі 96 жаста, ең үлкені 100 жаста. Үйден шыға алмағандар жеке құттықталады.

Мерекеге тыл еңбеккерлері, Ленинград блокадасында болғандар және бұрынғы концлагерь тұтқындары шақырылды.

Нұра ауданынан облыстың ең егде әжейі Тұмар Ысқақова келді. Ұлы Отан соғысына қатысушының жесірі 106 жаста. Оның өзі ерте жастан ауыр жұмыс істеген жан. Соғыс кезінде ауылдастарымен бірге майданға сәлемдемелер жинап, сарбаздарға шұлықтар мен жылы заттар тоқыған.

Ардагерлерді әскери үрмелі аспаптар оркестрінің музыкасымен қарсы алды. Т. Бигелдинов атындағы Республикалық әскери мектептің тәрбиеленушілері құрметті қарауыл құрды. Залда мұражай экспонаттары мен әскери жабдықтар көрмесі ұйымдастырылды.

– Сіздерді алдағы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл еліміздің тарихындағы ерекше еске алу күні. Бұл біздің қаһармандарымыздың: аталарымыз бен әкелеріміздің, әжелеріміз бен аналарымыздың ерлігңне құрмет көрсету күні. Бізге бұл жеңіс қаншалықты қиын келгенін әрқашан есімізде сақтаймыз. Сіздердің теңдесі жоқ батылдықтарыңыз бен қайсар рухтарыңыздың, табандылықтарыңыз бен жанқиярлықтарыңыздың арқасында біз бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз, – деді ардагерлерге Ермағанбет Бөлекпаев. – Біздің еліміз бен бүкіл адамзат үшін жасаған барлық істеріңіз үшін сіздерге тағзым және шексіз ризашылық білдіреміз. Сіздерге және туыстарыңызға зор денсаулық, ұзақ өмір, бақыт пен амандық тілейміз.

Қарағанды облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин батырларды құттықтады.

Ол Ұлы Отан соғысының екі қатысушысы – Григорий Петрович Степенко мен Анна Никоноровна Котоваға "Қарағанды облысының құрметті ардагері" төсбелгісін табыс етті.

– Мен сіздердің бәріңізді құрметтеймін! Егер менің қолым жетсе, бәріңізді құшақтап алар едім. Қазіргі ұрпақ соғыстың қасіреті мен ауыртпалығын ешқашан білмеуін тілеймін. Бейбіт өмірді сақтаңыздар. Біз көпұлтты елімізде тату өмір сүреміз, – деді Григорий Степенко баршаға бейбітшілік пен жақсылық тілеп.

Қарқаралыдан келген тыл еңбеккері Әзімбек Кәрімов бата берді. Оның әкесі 1942 жылы майданға аттанған. Ал ол өзі бала кезінде далада жұмыс істеген және мал баққан.

Тумар-апа барлығына денсаулық пен ұзақ өмір тіледі.

– Таңертең өзімді нашар сезінгеніме қарамастан, 200 шақырымға жиналып, осында келуге күш таптым. Бұл мерекені өз көзіммен көргеніме қуаныштымын. Бізге көрсеткен құрмет үшін рахмет, – дейді тыл еңбеккері.

Ардагерлер өз естеліктерімен бөлісті.

Мерекелік концертте кәсіби әртістер мен балалар көркемөнерпаздар ұжымы өнер көрсетті. Соғыс жылдарының сүйікті әндері шырқалды.