
Қарағандыда жастарды жеңілдетілген ипотекалық несиелендіруге құжаттар қабылдау басталды. Биыл моноқалалардың тұрғындары да бағдарламаға қатыса алады.

Сондай-ақ, биылдан бастап денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт жүйелерінің қызметкерлерінен, БАҚ, ЖОО және әлеуметтік сала өкілдерінен бөлек, жастарға жеңілдетілген ипотекалық кредит беру бағдарламасына квазимемлекеттік сектордың коммуналдық кәсіпорындарының қызметкерлері де қатыса алады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Рауан Таран мәлім етті.

– Жас мамандарға арналған өңірлік ипотекалық бағдарлама өткен жылдан бастап іске асырылуда. Оны жүзеге асыруға бюджеттен бір миллиард теңге, тағы 500 миллион теңге "Отбасы банкі" желісі бойынша бөлінді. 1000-нан астам өтінімнің 92-сі мақұлданды, – деп атап өтті Рауан Таран. – Биыл бағдарлама жалғасын тапты. Құжаттарды қабылдау 12 мамырға дейін жалғасады. Теміртауда өтінімдер қабылданды. Жыл соңына дейін осындай бағдарлама Балқаш пен Саранда іске асырылатын болады.

Жеңілдетілген бағдарламаға кемінде бір жыл ресми жұмыс істеген 35 жасқа дейін жастар қатыса алады.
Қарыздың ең жоғары сомасы бұрынғысынша 20 миллион теңгені құрайды. Үміткерлерде қарыз сомасының кемінде 10% мөлшерінде бастапқы жарна болуы тиіс. Бұл ретте тұрғын үйді жылдық 5%-бен ресімдеуге болады. Қарыздың ең ұзақ мерзімі –19 жыл.

– Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлерге жеке куәліктің көшірмесін, азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті, яғни неке қию және балалардың тууы туралы куәлігі (бар болса), соңғы бес жылдағы жылжымайтын мүліктің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтаманы, ресми бланкідегі жұмыс орнынан анықтама, жұмыс өтілін растайтын құжатты, зейнетақы аударымдары және мүгедектік туралы анықтама (бар болса) ұсыну қажет, – деп толықтырды спикер.
Бағдарлама бойынша тұрғын үйді жаңа да, қайталама нарықта да сатып алуға болады.
Алайда, қайталама нарықтағы тұрғын үй 1973 жылдан аспауы керек.
Жеңілдікті ипотекалық қарыз беру туралы шешімді арнайы комиссия үміткердің бағдарламаның барлық өлшемшарттарына сәйкестігін тексергеннен кейін қабылдайды.

Құжаттар жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:00-ға дейін (түскі үзіліс 13:00-ден 14:30-ға дейін) Н. Назарбаев даңғылы, 39а (Open Karaganda фронт-кеңсесі) мекенжайы бойынша қабылданады.