
12 мыңға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтығандар Қарағанды облысындағы медициналық сақтандыру қорына бірыңғай жиынтық төлем төлейді. Олардан ай сайын 15 млн теңгеден астам қаражат түседі.
Биыл қала тұрғындары үшін БЖТ мөлшері 1 АЕК немесе 3450 теңгені құрайды, қалған елді мекендердің тұрғындары 0,5 АЕК немесе 1725 теңге төлейді. Медициналық сақтандыру қорына осы сомадан 40%, БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарына – 30 %, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды төлеуге – 20% және табыс салығын төлеу есебіне – 10% түседі.
– Төлемнің бұл түрінің бірнеше артықшылығы бар. Әсіресе БЖТ ауыл тұрғындарына тиімді. Олар ай сайын 1725 теңгеден төлейді және МӘМС аясында медициналық көмектің барлық түрлерін алады, – дейді медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы бөлімінің бас сарапшысы Жанар Ракишева. – Мысалы, қажетті тексерулерден өткеннен кейін олар көрсетілімдер болған жағдайда оңалту курсынан өтуі мүмкін. Немесе жүздеген мың, тіпті миллиондаған теңгеге қымбат операция жасата алады. Әрбір сақтандырылған тұлға аударылған жарнаның мөлшеріне қарамастан айғақтар болған кезде медициналық көмекті уақтылы алуға құқылы.
БЖТ төлеушілер бірыңғай жиынтық төлемін үш ай тұрақты төлегеннен кейін ғана "сақтандырылған" мәртебесін алады. Әрі қарай, мәртебені сақтау үшін төлемдер айдың басында немесе бір күн бұрын жасалуы керек, өйткені БЖТ төлеушілердің мәртебесі төленген айдың соңына дейін сақталады. БЖТ-ны өткен кезең үшін төлеу мүмкін емес, бірақ төлемдерді алдын ала жасауға болады.
БЖТ келесі қызмет түрлерімен айналысатындарға жарамды:
- тапсырыс бойынша тігу, тоқу;
- жеке пәтерді жалға беру;
- көкөністер мен жемістерді өсіру және сату, үйде кондитерлік және басқа да өнімдерді дайындау және сату (сауда объектілерінің аумағында емес);
- омарта ұстау;
- жеке қосалқы шаруашылықтан ет және сүт өнімдерін сату.
Келесі санаттағылар БЖТ төлеушілер бола алмайды:
- сауда орталықтарының аумағында қызмет көрсететін жеке тұлғалар;
- жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары және т. б.);
- тұрғын үйді қоспағанда, мүлікті жалға берушілер;
- қандастарды қоспағанда, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар.
- жеке кәсіпкер ретінде тіркелген тұлғалар.
Медициналық сақтандыру қоры Қарағанды филиалының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша