Қарағанды облысының мектептерінде Ұлт қайраткерлері күні атап өтілді

Қарағанды облысының мектептерінде Ұлт қайраткерлері күні атап өтілді

24 сәуір-Ұлт қайраткерлері күніне орай Қарағанды облысының 80-ге жуық мектебінде сынып сағаттары, викториналар және тәрбиелік сипаттағы басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл күн ғалым, педагог және дәрігер Халел Досмұхамедтің туған күніне орай белгіленген. Биыл оның туғанына 140 жыл толып отыр.

Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесінде белгіленген бұл күн 2019 жылдан бері өткізіліп келеді.

Осы орайда № 3 гимназияда «Ұлт қайраткерлері – ұрпақ жадында» атты еске алу кеші өтіп, мектеп оқушыларына Халел Досмұхамедтің өмір жолы және ғылыми еңбектері туралы айтылды.

Оқушылар ғалымға арналған күнтізбе шығарып, экспозиция әзірлеп, естелік суреттерді жасады.

Сондай-ақ, гимназия оқушылары кешке жиналғандарға қазақ тарихының көрнекті қайраткерлерінің өмірі мен еңбектері туралы театрландырылған этюдтерді көрсетіп, ғалымдардың өмірінен монолог-естеліктер мен ақындардың шығармаларынан үзінділерді оқыды.

Сондай-ақ мектептің «Айтұмар» би ансамблі мен «Ақжелен» домбырашылар оркестрінің орындауындағы билер мен музыкалық шығармалар кештің сәнін келтірді.

Сондай-ақ Халел Досмұхамедтің өмірі мен ғылыми ізденістері туралы баяндаманы оқушылар Томирис Қазиева мен Екатерина Ракова жұртшылық назарына ұсынды.

Іс-шара соңында мектепке Qazaq club атынан ұлттың рухани құндылықтарын сақтауға және насихаттауға бағытталған айтулы күндер белгіленген Қазақ күнтізбесі тарту етілді. Бұл күнтізбелер қазақ тілі мен әдебиеті, сондай-ақ тарих сыныптарында орналастырылатын болады. Жақын арада «Қазақ күнтізбесі» акциясы аясында мұндай күнтізбелер қаланың барлық білім беру мекемелеріне тапсырылады.