
Кеншілердің мәдениет сарайында ақын, әнші, композитор Ақан сері (Ақжігіт) Қорамсаұлының туғанына 180 жыл толуына орай дәстүрлі әндерді орындаушылардың «Әудем жер» облыстық байқауының қорытындысы шығарылды. Қарағандылықтар кіші және үлкен жас санаттарында Гран-при иегерлері атанды.

Байқауға Абай, Қарқаралы, Бұқар жырау, Шет аудандары мен Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалаларынан 10 жастан 15 жасқа дейінгі және 19 жастан 16 жасқа дейінгі 15 вокалист қатысты.

Қарағандылық Мағжан Минбаев кіші жас санатындағы Гран-при иегері атанды. Бірінші орынды Қарағанды тумасы Аяжан Акеева иеленді. Екінші орын Балқаштан келген қатысушы Ренат Әбдібековке, үшінші орын – қарағандылық Айбек Қасымхановқа бұйырды.

Үлкен жас тобында Гран-приді қарағандылық Рустам Жусупов жеңіп алды.
– Байқау шарттары бойынша біз төрт ән орындауымыз керек еді. Ақан Сері Қорамсаұлының екі және еркін тақырыптағы екі ән. Бірінші турда мен Ақан серінің «Алтыбасары» мен Үкілі Ыбрайдың «Толқын» әнін орындадым. Екіншісінде – Ақан серінің «Шәмшіқамар» және Біржан салдың «Он саусақ» әнін шырқадым. Мен бала кезімнен музыкамен айналысамын, ал дәстүрлі ән айтумен – 12 жыл айналысып келемін. Өткен жылы Астана қаласының Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түстім, – дейді Рустам Жусупов.

16 жастан 35 жасқа дейінгі жас санатында бірінші болып қарағандылық Салтанат Совет, Абай ауданының орындаушылары Бек Мыңбек пен Баянды Төлеутай екінші және үшінші орын алды.

– Менің оқушым Айбек Қасымханов үшінші орынды иеленді. Ол Ақан сері мен Кеңес Әзірбаевтың «Көк шолақ» атты екі әнін орындады. Ересектер санатында Гран-при алған Рустам Жучупов та менің шәкіртім. Ол біздің мектепті бітірді. Мұндай байқауларда біздің тәрбиеленушілер ғана емес, біз де, мұғалімдер де жақсы тәжірибе аламыз, – деп атап өтті «Домбырамен ән айту» сыныбы бойынша мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатының оқытушысы Азамат Түсіпбек.

Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды.

Байқаудың ұйымдастырушысы – Кеншілер мәдениет сарайы.
