Қарағандыда велоспорт бойынша біріншілікке 80 спортшы қатысады

Қарағандыда велоспорт бойынша біріншілікке 80 спортшы қатысады

Қарағандыда 22–23 сәуірде тас жолда велосипед спорты бойынша ашық қалалық біріншілік өтеді. Жарыс алдағы мереке – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, оларға Қарағанды, Саран және Теміртау спорт мектептерінің 80 оқушысы қатысады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен және грамоталармен марапатталады. Бірінші орын үшін бағалы сыйлықтар беріледі.

Ұйымдастыру комитеті велосипед жарысы кезінде автожол учаскелері жабылатынын ескертті:

22 сәуір сағат 12:00-ден 14:00-ге дейін – бұрынғы динамит зауытының ауданы (Старая Тихоновка кенті);

23 сәуір сағат 12:00-ден 14:00-ге дейін – Сарыарқа көшесі (флагштоктан Тәттімбет көшесіне дейін екі бағытта).

Ұйымдастырушылар тұрғындардан туындайтын қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды.