
Қарағанды облысында полицейлер бірқатар интернет-алаяқтардың қылмыстық әрекетін әшкереледі. Ұсталғандар қамауға алынып, кейіннен сотқа тартылады.

– Ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жасалған алаяқтық жиі кездеседі. Өкінішке орай, ескертулерге қарамастан, азаматтар қулыққа тап болады, – деп атап өтті Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин. – Жыл басынан бері облыс бойынша интернет-алаяқтықтың 508 фактісі тіркелді. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел әзірлемелер барысында бірқатар қылмыстар жасағаны үшін 8 адамды анықтап, ұстады.
Мысалы, Осакаров ауданында 25 жастағы күдікті ұсталды, ол жасаған әрекетін мойындады. Алаяқтық жолмен ол Осакаровка ауылының тұрғындарына онлайн несие рәсімдеген. Қылмыстық іс 12 дерек бойынша қозғалды, жалпы шығын 12 млн теңгені құрады.
Қарағандыда тоғыз рет алаяқтық жасады деген күдікпен 24 жастағы ер адам ұсталды.
Тәртіп сақшылары қарағандылықтарды тағы да қырағылық танытып, сақ болуға шақырады. Егер сізге белгісіз нөмірден қоңырау шалып, қандай да бір қаржылық операциялар жасауды ұсынса, әңгімені бірден үзу керек. Бұл сіздің ақшаңызды үнемдеуге мүмкіндік береді.
– Интернет-алаяқтардың құрбаны болмас үшін телефонға белгісіз қосымшаларды жүктемеңіздер немесе орнатпаңыздар. Егер сізге күдікті тұлғалар қоңырау шалып, банк қызметкерімін деп танысса, дереу жақын жердегі полиция бөліміне немесе банк бөлімшесіне хабарласыңыз, – деп кеңес береді полиция департаменті басшысының орынбасары.
Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша