
Алматыда «Азаптау мен қатыгездіктің алдын алу: халықаралық және еуропалық стандарттар және озық тәжірибе»атты халықаралық конференция өтті. Азаптауға және адамның қадір-қасиетін қорлайтын басқа да жазаларға қарсы күрестің алдын алу тетіктеріне байланысты өзекті мәселелер талқыланды.

Еуропа Кеңесі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиямен, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен және Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп ұйымдастырған конференцияға еуропалық сарапшылар, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның әрекет етуші судьялары, прокуратуралардың, Құқық қорғау органдары академиясының және ұлттық құқық қорғау мекемелерінің қызметкерлері, адвокаттары, сондай-ақ халықаралық және отандық үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының, азаматтық қоғамның өкілдері қатысты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республиканың құқық қорғау органдарының алдында еліміздегі азаптаулар мен қатыгездіктерді толық жою міндетін қойды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов конференцияны аша отырып, азаптау мәселесі әлемнің көптеген елдеріне тән екенін атап өтті. Қатыгездік көрсету мен азаптауға тыйым салу – іс жүзінде бүкіл әлемде адам құқықтары жөніндегі халықаралық шарттарға да, сондай-ақ ұлттық заңнамаға да енгізілген танылған іргелі құқық.
Орталық Азияның бес елінің Конституциялары кез келген жағдайда және ешқандай ерекшеліктерсіз азаптау мен қатыгездік көрсетуді қолдануға тыйым салады.
Мұндай жағдайларға қатысты қатаң төзбеушіліктің ең жоғары деңгейін қамтамасыз ету, сондай-ақ тиімді алдын алу нормативтік құқықтық базаны әзірлеу (бұзушылықтарды тиімді тергеп-тексеруді қоса алғанда) тиімді оқытумен және жәбірленушілерге өтемақы беру рәсімдерімен ұштастыра отырып, тұрақты және ұзақ мерзімді шешімнің негізгі құрамдас бөлігі болып табылады.

ҚР Бас прокуроры Берік Асылов атап өткендей, Қазақстанда азаптауға және тергеудің басқа да рұқсат етілмеген әдістеріне қарсы іс-қимыл бойынша жүйелі шаралар қабылдануда.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында 2023 жылғы қаңтардан бастап азаптау туралы қылмыстық істерді тергеп-тексеру тек прокурорларға тапсырылды. Ыстамбұл хаттамасының қағидаттарына сәйкес келетін азаптауды тергеп-тексерудің нұсқаулығы мен әдістемесі әзірленді.
Осы жылғы наурызда заңнамаға қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсету ұғымы енгізілді, осы қылмыстардың субъектілерінің ауқымы кеңейтілді.
Қылмыстық қудалау органдары мен түзеу мекемелерінің үй жайларында «көрінбейтін жерлерді» бақылау камераларымен жарақтандыру жүргізілуде.
Қазіргі кезде прокурорлар қолда бар жүйелерге қосылған және онлайн-бақылау жүргізуде.
Азаптаудың алдын алу үшін басқа да шаралар қабылдануда.
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев қатысушыларға заңнамада новеллалар ұсынды және азаптаудың одан әрі алдын алу жөніндегі жоспарларымен бөлісті. Уәкіл кеңсесінің тікелей қатысуымен Адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспары іске асырылады. Бұл сотталған адамның ауыр сырқаттануы кезінде жазаны өтеуді кейінге қалдыруды заңнамалық тұрғыдан қарастыруға, баланың анасымен бірге болу мерзімін бір жыл ішінде жазасын өтегеннен кейін босатылған жағдайда 3 жастан 4 жасқа дейін ұлғайтуға, сондай-ақ бұрын сотталғандарды бірінші рет сотталғандардан бөлек ұстауды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, оның пікірінше, алдын-алу азаптауды жоюдың алдыңғы қатарында болуы керек. Сондықтан келесі маңызды қадам – ұлттық алдын алу механизмі туралы арнайы заң әзірлеу.
Конференция барысында судьялар да өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар қатыгездік пен азаптау жағдайларын тергеудің озық тәжірибелері, сондай-ақ сот органдарының, прокурорлардың, адвокаттардың және осы мәселені шешудегі әртүрлі құқық қорғау тетіктерінің рөлі туралы айтты.

Іс-шараға қатысушылар адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдардың да, құқық қорғау институттарының да қатысуымен азаптаудың барлық нысандарын жою бойынша бірлескен күш-жігерді шоғырландырудың маңыздылығын атап өткен қорытынды құжатты қабылдады. Сондай-ақ бірқатар ұсыныстар берілді.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ақпараты бойынша