Қарағандылықтардан тұрмыстық газ баллондарын жанармай құю станцияларында толтырудан сақтануды сұрайды

Қарағандылықтардан тұрмыстық газ баллондарын жанармай құю станцияларында толтырудан сақтануды сұрайды

Қазақстанда автомобильге газ құю станцияларында (АГҚС) тұрмыстық газ баллондарын құюға тыйым салынады, себебі бұл тұтынушыға қауіп төндіреді. Қарағанды облысында тұрмыстық қажеттіліктер үшін газды сатумен және толтырумен айналысатын бірнеше аккредиттелген кәсіпорындар бар.

Күнделікті өмірде газ баллондарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы ҚР ТЖ министрлігінің өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Арман Әбілқасымов айтып берді. Брифинг Өңірлік коммуникациялар қызметінің платформасында өтті.

Соңғы уақытта республика бойынша тұрмыстық газ баллондарын пайдалануға байланысты жазатайым оқиғалар жиілеп кетті. Себептердің бірі – мұндай баллондарды тиісті тексерусіз сату. Қарағанды облысы бойынша қайғылы статистиканы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Құрмет Жұмекенов келтірді. Жыл басынан бері тұрмыстық газ баллондарын дұрыс пайдаланбау салдарынан болған бес өрт тіркелді. Үш адам қаза тауып, сегіз адам зардап шекті.

Қарағандылықтардан тұрмыстық газ баллондарын тек газ толтыру станциялары немесе газ толтыру пункттері сияқты мамандандырылған кәсіпорындардан сатып алуды және құюды сұрайды.

– Бүгінгі таңда Қарағандыда бірнеше аккредиттелген кәсіпорындар бар. Тұрмыстық, коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік тұтынушылар үшін газ баллондарын толтырумен және сатумен AlemGaz, "Хантер" АГҚС, "ГорГаз", "Пропан", " ГАЗOIL " газ шаруашылығы басқармасы" айналысады. Дәл осы кәсіпорындар тұрмыстық баллондарды жөндейді, бояйды және сынайды. "Газ және газбен жабдықтау туралы" ҚР Заңының 28-бабының 1-тармағына сәйкес тұрмыстық баллондарға сұйытылған мұнай газын құю және бөлшек саудада өткізу тұрмыстық баллондардың жарамды техникалық жай-күйін қамтамасыз ету жөніндегі міндет жүктелген газ толтыру станцияларында немесе пункттерде қатаң түрде жүзеге асырылуға тиіс, – деді Арман Әбілқасымов.

Заңды бұзған АГҚС әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

Тұрғындар да жазаланады. Қауіпсіздік ережелеріне сәйкес және заңға сәйкес екі қабаттан жоғары ғимараттарда газ баллондарын пайдалануға жол берілмейді. Егер газ баллоны табылса, пәтер иесіне 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, қайта бұзғаны үшін – 10 АЕК.

Қарағандылықтар ережені бұзған көршілері туралы қалалық тұрғын үй инспекциясына 42-11-05 телефоны бойынша немесе ТЖД-ға 112 нөмірі бойынша хабарлай алады.