
Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің студенттері ІІ Республикалық "Жас дарын" эстрадалық орындаушылар байқауының лауреаттары атанды. Олар Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсу кезінде мамандық бойынша емтихандардан босатылады.

Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен колледждердің соңғы курстарының 17 студенті қатысты. Қарағанды облысының атынан Аяла Мукушева, Абай Қырықбаев, Айзада Бақраева және Ақбота Өмірхан қатысты.
– Бірінші турға қатысушылар қазақ композиторларының әндерін немесе халық әндерін қазақ тілінде орындады. Ал екіншісінде – әлемдік хиттер. Өткен жылы біздің студент осы байқауда үшінші орынға ие болып, Жүргенов атындағы Өнер академиясына шығармашылық емтихансыз оқуға түсті. Тек теорияны тапсырды. Биыл біздің төрт студент қатысып, барлығы жүлделі орындарға ие болды, – деді Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің "Эстрадалық ән" бөлімінің меңгерушісі Елена Недова.

Аяла Мукушева бірінші, Абай Қырықбаев екінші, Айзада Бақраева және Ақбота Өмірхан үшінші орын алды.

Аяла Мукушева – Бұқар Жырау ауданы Үштөбе ауылының тумасы. Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің төртінші курсында, "Эстрадалық ән салу" бөлімінде оқиды.
– Мен үш жасымнан бастап ән айтамын. Санкт-Петербургтегі "Таланттар отшашуы" және Прагадағы "Богемия сыйқыры" байқауларының, сондай-ақ көптеген республикалық шығармашылық жарыстардың және "Жас-Қанат-2023" облыстық байқауының жеңімпазы. "Жас дарын"-да "Жұмақ мекен" және Run to you әндерін орындап, 1-ші орынға ие болдым. Өнер академиясына түсуді, тәжірибелі оқытушылардан білім алуды және әншілік дағдыларымды жетілдіруді жоспарлап отырмын, – деп бөлісті Аяла Мукушева.