
Қарағанды қаласы әкімдігі мен прокуратураның бірлескен отырысында рұқсат құжаттарынсыз көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына қалай жол бермеуге және үлескерлерді қауіпсіздендіруге болатындығы талқыланды. Шешімнің бір жолы – бұл мәселеге бей-жай қарамайтын азаматтарды тарту.

Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасы барлық мүдделі мемлекеттік мекемелердің – жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің, МСҚБ, сондай-ақ полиция органдарының өзара іс-қимылы бойынша алгоритм ұсынды.

Аралау барысында әкімдік пен прокуратура "көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы" нысаналы мақсаты бар 56 жер учаскесін анықтады. Алайда, бұл жер учаскелері әлі игерілмеген және жауапты мемлекеттік органдар құрылысқа рұқсат құжаттарын бермеген.

Қарағанды қаласының әкімдігі өзінің Instagram парақшасында @qaragandy_akimdigi құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуына мониторинг жүргізуге жататын жер учаскелерінің тізімін жариялады.

"Қала тұрғындарының назарына. Егер сіз аталған учаскелерде қандай да бір жүргізіліп жатқан жұмыстарды байқасаңыздар – шұңқырлар қазу, учаске аумағын тегістеу, іргетас қалау және т. б., жедел әрекет ету үшін Қарағанды облысының Senim-109 Бірыңғай үйлестіру орталығына дереу хабарлауды сұраймыз", – делінген әкімдік хабарламасында.

Senim-109 қызметіне бірнеше жолмен жүгінуге болады: 109 телефонына қоңырау шалу, +7-700-9-109-109 нөмірі бойынша WhatsApp-қа жазу, Instagram-да хабарлама қалдыру @senim109.kz.