Қарағанды мектептерінде ғылым күні атап өтілді

Қарағанды мектептерінде ғылым күні атап өтілді

Қарағандының 80 жалпы білім беретін мектебінде көрнекті қазақ ғалымдарына арналған іс-шаралар өтті. Біздің елімізде он екінші сәуір Ғылым қызметкерлері күні ретінде атап өтіледі.

Бұл күн ұлттық құндылықтарды сақтауға және насихаттауға бағытталған этнокүнтізбеге де енгізілген. Естеріңізге сала кетейік, ол Қарағандыда 2019 жылы Qazaq club бастамасымен таныстырылды.

Өткен жылы клуб өкілдері жоғары политехникалық колледж студенттерімен осы күнге орай кездесулер өткізген еді. Онда қазақтың көрнекті ғалымы Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен еңбектері туралы айтылды.

Биыл Қарағанды облысының білім басқармасымен және білім бөлімімен бірлесіп қала мектептерінде іс-шаралар ұйымдастырылды.

Қаныш Сәтбаев атындағы гимназияда Шәкәрім Құдайбердіұлы гимназиясының оқушыларына экспозициялық зал бойынша экскурсия өткізілді.

Қаныш Сәтбаевтың немере қарындасы Меруерт Назарова ғалым туралы туыстарының естеліктерімен бөлісті:

– Ол жан-жақты және қарапайым адам болды. Дәрігер, химик немесе әдебиеттанушы болсын, әрқашан әңгіме барысында ортақ тақырыптар таба алатын.

Сондай-ақ гимназияда "Ғылым және сен" атты ашық сабақ өтті. Онда бастауыш сынып оқушылары химиялық тәжірибелер жүргізуге мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, 12 сәуірде қала тұрғындары, ғылым өкілдері, Қаныш Сәтбаевтың туыстары ғалымның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Он екінші сәуірде көрнекті геологтың туғанына 124 жыл толды.

Жалпы алғанда, қаланың 80 мектебінде Ғылым күніне орай сынып сағаттары, ашық сабақтар және басқа да іс-шаралар өткізілді.