
15 сәуірден 30 маусымға дейін Қарағанды облысының өзендері мен су айдындарының аумағында "Уылдырық шашу" акциясы өтеді.
20 сәуірден 20 мамырға дейін көксерке аулауға тыйым салынады, 1 мамырдан 30 маусымға дейін – тұқы балықтарын аулауға болмайды. Сондай-ақ бекітілген балық шаруашылығы учаскелерінде торта, ақтабан, алабұға, мөңке мен шортанға әуесқойлық (спорттық) аулауда қоспағанда, барлық су тораптарын қоса алғанда, Қ.Сәтбаев атындағы арнаның бүкіл ұзындығы бойынша балық аулауға тыйым салынады.
Балық аулауға тыйым салу мерзімі аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып анықталады. Акция кезеңінде табиғат қорғау органдары қызметкерлерінің назары балық аулау, балық пен балық өнімдерін заңсыз сатып алу немесе өткізу, тасымалдау фактілерін анықтауға және жолын кесуге аударылатын болады.
Тыйым салуды бұзғаны үшін заңнамада әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы азаматтарды табиғатқа ұқыпты қарауға, балық аулаудың белгіленген ережелерін сақтауға және заңды бұзбауға шақырады.
Нұра-Сарысу облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша