
Күрес түрлері бойынша Азия чемпионатында қарағандылық спортшылар екі алтын және бір қола медаль жеңіп алды. Эльмира Сыздықова мен Ибрагим Магомадов чемпион атанды, Алмат Кебіспаев үшінші орын үшін күресте жеңіске жетті.

Азия чемпионаты елордадағы Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтуде. Жарыс медальдары үшін 24 елден 400 мықты спортшы бақ сынайды. Күрестің әр түрі бойынша он медаль жиынтығы ойнатылады.

"Классиктер" арасындағы жарыста Қазақстан командасына жалғыз алтын медальді қарағандылық Ибрагим Магомадов әкелді. Ол 72 келіге дейінгі салмақта жеңіске жетті. Финалда Қарағандылық балуан Ираннан келген Саид Али Именталабфуманиді 5:2 есебімен жеңді.

Әйелдер күресінен 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова Қазақстан командасы үшін алғашқы алтынды жеңіп алды. 76 келі салмақтағы финалда ол Қырғызстаннан келген Айпери Медетқызының жауырынын жер иіскетті. Эльмира екінші рет құрлық біріншілігінде 5:0 есебімен үздік атанды. 2021 жылы спортшы Азия чемпионатының құрмет тұғырының бірінші сатысына көтерілген болатын. Эльмираны Владислав Сутормин жаттықтырады.

Қарағанды облысының тағы бір өкілі Азия чемпионатының жүлдегері атанды. Грек-рим стилінің балуаны Алмат Кебіспаев (67 келіге дейін) қола жүлдеге ие болды.

Бірінші құрлықтық турнир 1979 жылы тек еркін күресте өткен. Екі жылдан кейін грек-рим стиліндегі балуандар ең мықтыларын анықтады. Әйелдер күресінен Азия чемпионаты 1996 жылдан бері өткізіліп келеді.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша