Қарағандылық кадеттер дзюдодан Азия Кубогында сәтті өнер көрсетті

Қарағандылық кадеттер дзюдодан Азия Кубогында сәтті өнер көрсетті

Бекет Махмұтовты еске алуға арналған дзюдодан Азия Кубогында кадеттер мен жастар арасында екі қарағандылық спортшы көзге түсті. Кадеттер арасында алтын медальді Шерхан Алпанов алды, ал Руслана Махатова тұғырдың екінші сатысына көтерілді.

Халықаралық жарыстар алтыншы рет өткізілді. Биыл Алматыда сайысқа Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Греция, Гонконг, Грузия, Моңғолия және АҚШ-тан 680 спортшы қатысты.

Кубок аясында жүлделі орындар мен медальдардан басқа рейтингтік ұпайлар ойнатылды. Турнир жеңімпазы 100 ұпай, күміс жүлдегер 60 ұпай, ал қола медаль жеңіп алған дзюдошыға әлемдік рейтингте 40 ұпай берілді.

Қазақстан жалпы медальдық есепте бірінші орынды иеленді. Жеңіске қарағандылық дзюдошылар үлкен үлес қосты. Бұл +90 кг салмақ дәрежесінде бірінші орын алған Шерхан Алпанов және +70 кг салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанған Руслана Махатова.

Бекет Махмұтов 2009 жылдан 2012 жылға дейін Қазақстан дзюдо федерациясын басқарды, сондай-ақ Азия дзюдо одағының вице-президенті қызметін атқарды.

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша