Қарағанды облысында алғашқы сенбіліктер өтеді

Қарағанды облысында алғашқы сенбіліктер өтеді

Қарағандыда осы сенбі, 8 сәуір, сағат 10:00-де алғашқы көктемгі жалпықалалық сенбілік өтеді. Қала әкімдігі шаһарымыздың тазалағына бей-жай қарамайтын барлық қарағандылықтарды қоғамдық орындарды қоқыстардан және былтырғы жапырақтардан тазартуға шақырады.

Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов 8 сәуірді Таза аула және тату көршілер күні деп атауды ұсынды.

"Мен өз аулаларында, кіреберістерде, ойын алаңдарында бірігіп, тазалық орнатуды ұсынамын. Әрине, әр тұрғынның үйінде ол үшін қажетті заттар болуы мүмкін – біреуіңізде қоқыс жинауға арналған ескі қаптар бар, тағы біріңізде тырма бар. Осы күні бірге пайдалы іс жасайық, үй маңындағы аумақты тазалап тастайық. Сонымен бірге тұрғындар бірге уақыт өткізе алады. Бүгінгі таңда көршілердің бір-бірін білуі сирек кездеседі, ал араласатындар тіпті жоқтың қасы. Мұнда пайдалы және жақсы уақыт өткізуге мүмкіндік бар", – деп жазды қала басшысы әлеуметтік желілердегі парақшасында.

Жиналған қоқыс салынған қаптарды жол бойында қалдыруға болады. Кейінірек оларды коммуналдық қызметтер алып кетеді.

Қарағандыда ТКШ қызметтері тротуарларды, саябақтарды, гүлзарларды, жолдарды, көшелер мен даңғылдарды ретке келтіріп, тазартады.

Теміртауда да санитарлық тазарту айлығы 8 сәуірде басталады. Билік тұрғындардан қыстан кейін қаланы тазартуға қосылуды сұрайды.

"Біз сенбілікке кімнің қайда жұмыс істейтініне қарамастан бірге шығуымыз керек. Бұл қаланы тазартуда жалпы үлкен қадам болады! Санитарлық тазарту күндері МИБ, ЖС және ПИК өз аулаларынан қоқысты тегін шығартып ала алады. Сенбілік аяқталғаннан кейін өз ЖӨБҚК-на қоқысты жинайтын нақты орындарды хабарлау қажет болады, оны кейіннен полигонға мердігерлер шығарады", – деп хабарлайды қалалық әкімдік.

8 сәуірде Саран мен Ақтаста сенбіліктер сағат 11:00-ге жоспарланған. Жергілікті билік барлық тұрғындардан көшелер мен аулаларды тазалауға шығуды сұрайды.

Абай ауданы да облыстық акцияға қосылып, тұрғындардан шарадан тыс қалмауды сұрайды.

"Әр көктемде және күзде санитарлық тазарту шаралары жақсы дәстүрге айналды. Көшелерде, үйлеріміздің аулаларында, бизнес нысандарына іргелес аумақта тәртіп орнатайық. Ауданның барлық тұрғындарын іс-шараларға белсенді қатысуға шақырамыз, өйткені бұл біздің мақтан тұтар мекеніміз. Біз оны таза және жайлы етуіміз керек. Сіздерді 8 сәуір күні сағат 09:00-ден бастап аудандық сенбілікте күтеміз", – делінген әкімдік хабарламасында.

Балқашта көктемгі екі айлық тазалық 1 сәуірде басталып кетті. Ол 27 мамырда аяқталады. Бірінші сенбілік тек қалада ғана өткен жоқ. Әкімдік қызметкерлері қалалық мәслихат депутаттарымен және жастармен бірлесіп, Алматы – Екатеринбург тас жолының бойындағы аумақты тазалауға шықты. Қоқыстан бір жарым шақырым жол маңы тазартылды.

Сәуір айында жалпы қалалық және коммуналдық сенбіліктер облыстың барлық қалалары мен аудандарында өтеді.