
Приозерск қаласында 210 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Бұл нысанның қажеттілігі жайлы тұрғындар Қарағанды облысының әкімімен кездесулерде бірнеше рет айтқан болатын.

Қазір ДСК іргетасы мен тірек бағандарын нығайту жүріп жатыр. Жоспар бойынша нысан 2024 жылы тапсырылуы тиіс.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Приозерск қаласына жұмыс сапары барысында құрылыс кестесінен қалыс қалмау және сапаны назардан тыс қалдырмау керектігін қадағалауды тапсырды.

Сонымен қатар, жазда Приозерск қаласында стадион қалпына келтіріліп, абаттандырылады.

Ермағанбет Бөлекпаев депутаттармен және қала тұрғындарымен кездесіп, қаланы одан әрі дамыту жоспарларын талқылады.

Онлайн режимде басқармалардың барлық басшылары қатысты.

Облыс басшысы қаланың балабақшаларында орын тапшылығы мәселесі бақылауда екенін атап өтті.

– Біз "Балбөбек" балабақшасына қосымша құрылысты кеңейту туралы шешім қабылдадық – орындар саны 120-ға ұлғайтылады. Осы бағытта тапсырмалар бердім. Биыл біз осы балабақшаға қосымша жоба әзірлейміз, келесіде аумақты кеңейту және абаттандыру арқылы күрделі жөндеуді аяқтаймыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Приозерск тұрғындарын әлі күнге дейін жол, абаттандыру және ТКШ мәселелері алаңдатады, білім беру және денсаулық сақтау салаларында проблемалар бар.

Ермағанбет Бөлекпаев барлық мәселелер басымдықтарды ескере отырып шешілетінін айтты.
– Бүгінгі таңда ең бастысы – № 1 қалалық қазандықты жаңғырту. Қазірдің өзінде жұмыс жүргізілуде. Екі жаңа қуатты жылу алмастырғыш орнатылып, жаңа қазандық сатып алынды. Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін қазандықта жұмыс жалғасады, – деп атап өтті облыс әкімі.

Приозерск басшысы Сапар Сатаев жол жөндуге қатысты жоспарлар туралы баяндады. Биыл Момышұлы, Абай, Ғарышкерлер, Бәйтерек, Алаш, Қосшы, Достық көшесінің негізгі бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Кездесуде тұрғындар жаңа мектеп қашан салынатынын сұрады. Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, келесі жылы "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында қалада 300 орындық заманауи оқу орнының құрылысы басталады.

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы биыл абаттандыру жалғасатын жағалауды да қарап шықты.

– Ешқандай шектеу қоймаңыздар, тұрғындарға мұнда демалу ыңғайлы болуы керек. Мұнда сіздерде ойын алаңдары бар, олардың үстіне күн сәулесінен қорғайтын шатырлар жасаңыздар. Қала өте таза, ұқыпты, оны осындай жақсы жағдайда ұстаңыздар, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ, облыс әкімі Сарышаған қаласында болып, екі мектепті аралап көрді, оның біреуі жөндеуді қажет етеді және болашақ ДСК-нің құрылыс орнын қарап шықты. Кентті дамыту бойынша тапсырмалар берді.



