Қарағандыда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркеновтың шығармашылық кеші өтеді

Қарағандыда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркеновтың шығармашылық кеші өтеді

Қарағандылықтар мен қала қонақтары 9 сәуірде сағат 15:00-де "Шалқыма" концерт залына ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркеновтың "Ән өлкесі – Сарыарқа" шығармашылық кешіне шақырылады. Өнер сүйер қауымның алдында "Арқа сазы" фольклорлық ансамблі, сондай-ақ халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетеді.

Олардың қатарында Арайлым Жүкенова, Гүлмира Тапай, Азат Әбдіғалым, Әнуар Адамбаев, Шыңғыс Сәрсенбай, Медет Осатай және Нұрболат Ұзақбай бар.

Концертте "Жезкиік", "Толғау", "Дайрабай" күйлері мен "Балқашым", "Аңсау", "Сағыныш", "Гүл көктем" және тағы басқа әндер орындалады.

Дәуренбек Әркенов – белгілі қазақ әншісі. Жүсіпбек Елебеков атындағы ІІ республикалық байқаудың лауреаты және Гран-при иегері, Кенен Әзірбаев және Әміре Қашаубаев атындағы республикалық байқаулардың, "Шабыт" халықаралық фестивалінің жеңімпазы. Ол сонымен бірге Германияға, Францияға, Түркияға гастрольдік сапармен барып, көрермендерді өзінің орындаушылық шеберлігімен қуантқан.

Дәуренбек Әркенов 1979 жылы Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Балқаш педагогикалық колледжінің музыка бөлімін бітірген. Қазіргі уақытта Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің дәстүрлі ән орындаушылар бөлімін басқарады, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінде оқытушылық қызметпен айналысады.

Билеттерді "Шалқыма" к/з кассаларынан және ticketon.kz сайтынан сатып алуға болады.          

Анықтама телефондары: 41-13-14, 41-22-30.