
Қарағанды облысының 80-нен аса аса білім беру мекемесінде 1 сәуірде Қазақ өнері күні атап өтілді. Мектептерде Qazaq club бастамасымен және Облыстық білім беру басқармасы мен қалалық білім беру бөлімінің қолдауымен тәрбие сағаттары, тақырыптық кітап көрмелері және музыкалық үзілістер ұйымдастырылды.

Клубтың бастамасымен 2019 жылдан бастап этнокүнтізбе шығарылып, онда 1 сәуір Қазақ өнері күні болып белгіленді. 
Осы күні 1925 жылы Қазақ мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан дарынды қазақ композиторы Нұрғиса Тілендиев дүниеге келген.

Іс-шаралар барысында ұйымдастырушылар балаларға ұлттық өнердің дамуына зор үлес қосқан белгілі мәдениет қайраткерлері, әншілер, күйшілер, әртістер, актерлер, суретшілер туралы айтып берді.

Атап айтқанда, Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназияда оқушылар сынып сағаттарында және үзілістерде домбырада ойнады,

ал Мағжан Жұмабай атындағы гимназияда барлық сыныптарда "1 сәуір – Қазақ өнері күні" тақырыбында тәрбие сағаттары өтті.

Қазақ өнерінің тарихына арналған кітап көрмелері, музыкалық кештер ұйымдастырылды.

Оқушылар Нұрғиса Тілендиевтің музыкасына жазылған әндерді орындаса, жас күйшілер "Әлқисса", "Аққу", "Ата толғауы" сынды танымал күйлерді орындады.

Сондай-ақ мектептерде танымал композитордың өмірі мен қызметіне арналған бейнероликтер көрсетілді.
Ә. Ермек атындағы мектеп-лицейде 10-сынып оқушылары арасында "Өнер – өмір өрнегі" атты танымдық-зияткерлік шығармашылық байқау ұйымдастырылды. Ал Абай атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары "Нұрғиса ағамдай боламын!" байқауына қатысып, өз таланттарын көрсетті.

Ұйымдастырушылар келесі жылы осы сынды тәрбие шараларымен облыстың басқа да мектептерін қамтуды жоспарлап отыр.