
Облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 300-ге жуық мықты спортшы үстел теннисінен Қазақстанның VI жазғы спартакиадасында марапаттар үшін өзара бақ сынасты. Турнир қорытындысы бойынша жалпы медальдық есепте қарағандылықтар бірінші орында, екінші орында – астаналықтар, үшінші орында – шымкенттіктер.

Жарыс Қарағанды "Сарыарқа" үстел теннисі орталығында бір апта бойы өтті. Өзара күш сынасуға ұлттық құраманың мүшелері – Кирилл Герасименко (Астана), Алан Құрманғалиев (Қарағанды), Зәуреш Ақашева (Қарағанды), Анастасия Лаврова (Астана), Сарвиноз Миркадирова (Шымкент) және т. б. жиналды.

– Жарысқа алғаш рет Қазақстанның барлық облыстары қатысты, бұған дейін мұндай өкілді құрам болған жоқ. Спартакиада төрт жылда бір рет өтеді. Оның қорытындысы бойынша ұлттық құрамаға іріктеу жүріп жатыр. Мұнда Қазақстан чемпионатынан айырмашылығы жалпыкомандалық сынақ өткізіледі. Барлық спортшылар жақсы ойын көрсетті, – дейді жарыстың бас төрешісі Александр Перевалов.

Командалық турнирді Қарағанды облысының ерлер және әйелдер құрамалары салтанатты түрде аяқтады. Финалда Қарағанды Шығыс Қазақстан облысын 3:1 есебімен жеңді. Дәл осындай есеппен қарағандылық әйелдер командасы Шымкентті жеңді.

Жекелей сында Кирилл Герасименко (Астана) және Зәуреш Ақашева (Қарағанды облысы) жеңімпаз атанды.

Жұптық ерлер арасында бірінші орынды Владислав Захаров пен Алан Құрманғалиев (Қарағанды облысы), әйелдер арасында – Сарвиноз Миркадирова және Анель Бақыт (Шымкент) иеленді.

Аралас жұптағы алтын Кирилл Герасименко мен Анастасия Лавроваға (Астана) бұйырды.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша