
Қарағанды облысында 49 күйші "Сарыарқаның жаңа есімдері" онлайн-байқауында бақ сынасты. Шығармашылық жарыс халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығына арналды. Бас жүлдені Шет ауданынан Аслан Жорахан жеңіп алды.

Байқау әуесқой орындаушылар арасында өтті. Міндетті талап — Құрманғазының күйін орындау болды.

Қазылар алқасы үш жас санаты бойынша жеңімпаздарды таңдады: 7—17, 18—30, 31 және одан жоғары.

Тәттімбет атындағы өнер колледжінің мұғалімі, қазылар алқасының мүшесі Мадияр Сүлейменовтің пікірінше, қарапайым адамдар арасында көптеген ерекше таланттар бар.

— Мен жеті жасымнан бастап домбырамен айналысамын, Кеншілер мәдениет сарайындағы үйірмеге барамын. Менің репертуарымда қазір 10 күй бар. Байқауға бір айдан астам уақыт дайындалдым. "Адай" күйін ойнадым. Бірінші орынға ие болғаныма қуаныштымын, — деп бөлісті жас күйші қарағандылық Нұрасыл Қазтай.

7—17 жас аралығындағы орындаушылар арасында қарағандылық Әділжан Сабырбек те жеңімпаз атанды.

18—30 жас санатында тек екі үшінші орын берілді — Саран қаласынан Мұратхан Алтыбай және Шет ауданынан Зейтілда Бегімсал. 31 және одан жоғары жас санатында жеңіс қарағандылық Роза Түсіпбековаға бұйырды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сертификаттармен марапатталды. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.
