
Бүгін тал түсте еліміздің мектептерінде, колледждерінде және қосымша білім беру ұйымдарында қазақ күйлері шырқалды.

Қарағанды облысында Ұлттық челленджге 10 мың оқушы қатысты. Олар Құрманғазының "Балбырауын", "Сарыарқа" және Әбдімомын Желдібаевтың "Ерке сылқым" шығармаларын орындады.

Наурыз мейрамы челленджіне Қарағанды қаласының Абай атындағы мектеп-гимназиясы да қатысты.

– Мектеп-гимназиямыздың ашылуынан бастап "Домбыра дастан" жобасы аясында "Үкілі домбыра" домбырашылар ансамблі жұмыс істейді. Жалпы 300-ге жуық бала айналысады. Мен өзім 10 жасымнан бастап домбырада ойнаймын. Арнайы білім алдым, түрлі республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты болып табыламын. Бүгінгі таңда балалардың домбыраға деген қызығушылығы жоғары. Біздің мақсатымыз – олардың ұлттық аспапқа деген сүйіспеншілігін арттыру. Бүгін бізбен бірге ата-аналар да, оқушылар да, мұғалімдер де ойнайды – барлығы 40-қа жуық адам. Ең кішісі – 7 жаста, ал ең үлкені – 62 жаста, – деді бастауыш сынып мұғалімі және Абай атындағы мектеп-гимназиясының домбыра үйірмесінің жетекшісі Арайлым Кәриева.

Музыкалық челлендж өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік мәдениет пен патриоттық сезімдерді тәрбиелеуге, мәдени мұраны сақтауға, балалар арасында домбыра ойынын насихаттауға бағытталған.

– Мен 10-сыныпта оқимын, 4-сыныптан бастап домбырамен айналысамын. Мен оннан астам күй білемін. Челлендждерде ойнау өте қиын және өте жауапты, бірақ мұндай іс-шаралар адамның бойында патриотизм сезімін оятады. Ересектер де, балалар да бірге ойнайды, – деп бөлісті Абай атындағы мектеп-гимназияның оныншы сынып оқушысы Еркежан Жақып.



