
15 наурыздан бастап Қарағанды облысында су тасқынына жоғары дайындық режимі қолданылады. Аймақтық су тасқынына қарсы штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда өңірдегі жағдай тұрақты.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің платформасында өткен брифингте су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы Қарағанды облысы ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов айтып берді. Облыстың бас құтқарушысының мәліметінше, 149 елді мекен, 99 жол учаскесі және 237 су шаруашылығы құрылыстары ерекше бақылауға алынды.

— Облыстың барлық өңірлерінде су тасқынына қарсы жедел штабтар құрылды. Материалдық-техникалық құралдардың қорлары, оның ішінде 5 мың тоннаға жуық ЖЖМ, 100 мың тоннадан астам инертті материал және 200 мыңға жуық қапшықтар дайындалды, — дейді Мұрат Қатпанов. – Елді мекендерден 2 млн 192 мың м3 қар шығарылды. 130 км су бұру траншеялары жасалып, 167 км каналдар мен арықтар тазартылды. Автожолдарда 4,5 мыңнан астам су өткізгіш құбырлар мен 461 көпір тазартылды.
Су тасқыны сәуірдің 7—10 болады деп күтілуде.
— Кептелістің алдын алу үшін 13 наурыздан бастап Департаменттің құтқару бөлімшелері жалпы ауданы 2350 шаршы метр болатын өзендердің күрделі учаскелерінде мұзды кесу және бұрғылау жұмыстарын бастады, — деп атап өтті Мұрат Қатпанов. — Құрамында 3 мыңға жуық адам, 1388 бірлік техника, 66 жүзу құралы, 360 бірлік су айдау техникасы бар азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің күштері мен құралдары дайындыққа келтірілді.
Сондай-ақ, ТЖД бастығы облыс тұрғындарын аулалардағы қарды тазалауды, су өткізу құрылыстары мен арықтарды жеке аумақтағы қар мен қоқыстардан тазартуды қамтамасыз етуге шақырды. Бұл еріген суды кедергісіз ағызуға мүмкіндік береді.
Су басу қаупі төнген жағдайда халыққа ТЖД кезекші диспетчерлік қызметіне 43-36-36, 43-37-37 немесе 112 телефондары бойынша хабарласуға кеңес берілді.