Сарандықтарға 1500-нан астам жұмыс орны ұсынылуы мүмкін

Сарандықтарға 1500-нан астам жұмыс орны ұсынылуы мүмкін

Саран қаласында бүгінгі таңда 1500-нан астам бос жұмыс орны бар. Өткен демалыс күндері қаланың мәдениет үйінде бос орындар жәрмеңкесі өтті.

Оған 800-ге жуық адам қатысып, олардың 45-і жұмысқа жолдама алды.

Жәрмеңкені жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары ұйымдастырды. Олар жәрмеңкеге 30-ға жуық жұмыс берушіні, оның ішінде өңірдің жетекші кәсіпорындарының өкілдерін шақырды.

Жұмысқа орналасқысы келетіндер "КамаТугеѕ KZ", "QazTehna", "Silk Road Electronic" ЖШС кәсіпорындарына түйіндеме тапсырды.

– Мұндай жәрмеңкелердің артықшылығы – әңгімелесу, ізденушілердің әртүрлі меншік нысанындағы жұмыс берушілермен тікелей қарым-қатынас жасау, сондай-ақ үміткерлерді іріктеудің әртүрлі өлшемшарттарын, оның ішінде мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламаларының көмегін қолдану мүмкіндігі, – дейді Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Марина Шегай.

Сондай-ақ, жастармен кәсіби бағдар беру жұмыстары ұйымдастырылды.

Болашақ талапкерлер үшін Саран мәдениет үйіне Қарағанды облысының оқу орындарының өкілдері шақырылды.

Өз оқу орындары мен мамандықтары туралы ақпаратты Қарағанды мемлекеттік индустриялық университеті, Қарағанды Вolashaq академиясы, Қарағанды банк және медициналық-технологиялық колледждері және т. б. ұсынды.

Сонымен қатар, іс-шараға ІІБ, Саран қаласы прокуратурасының өкілдері, сот орындаушылары қатысты.

– Бос орындардың басым бөлігін жұмысшы мамандықтар алады. Тігіншілер, дәнекерлеушілер, газбен жұмыс істейтін қазандық жабдықтарының аппаратшысы, авто бояушылар, вулканизаторлар, медициналық ұйымдағы бейінді мамандар мен пән мұғалімдері аса сұранысқа ие, – деп атап өтті Марина Шегай. – Шина зауытына резеңке бұйымдар мен бөлшектерді пішуші, шиналарды жинаушы, құрастыру станоктарын қайта зарядтаушы, автоматика құралдары мен технологиялық жабдықтардың аспаптары бойынша электромеханик, электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электромонтер және басқа да мамандар қажет.