Қарағанды облысының жастары Qaiyrymdy ūrpaq қайырымдылық акциясына қатыса алады

Қарағанды облысының жастары Qaiyrymdy ūrpaq қайырымдылық акциясына қатыса алады

Қарағанды облысының жастарын Qaiyrymdy ūrpaq қайырымдылық акциясына қатысуға шақырады. Оның басты мақсаты – халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға сапалы білім алу және даму мүмкіндіктерін кеңейту.

"Қарағанды облысында 2021 жылдан бастап Qaiyrymdy ūrpaq акциясы өткізіліп келеді. Жас кәсіпкерлер, аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, мемлекеттік және жеке ұйымдардың басшылары, қосымша білім беру ұйымдары мен спорт кешендерінің (секцияларының) иелері мен құрылтайшылары аз қамтылған, толық емес және көп балалы отбасылардан шыққан балаларға, мүгедек балаларға көмек көрсетеді. Осылайша, балалар білім беру курстарына, спорт секцияларына, шығармашылық даму үйірмелеріне тегін қатыса алады. Сондай-ақ, спорттық киім және басқа да қажетті құрал-жабдықтар сатып алынады", – деп хабарлады жастар саясаты жөніндегі басқарма.

Мысалы, акцияның бірінші күні Шахтинск қаласында мақсатты аудиторияның балаларына бассейн мен спортзалға тегін баруға сертификаттар табысталды.

– TENTEK дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің басшысы, сондай-ақ Шахтинск балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы балаларға бассейн мен жаттығу залына тегін баруға сертификаттар табыс етті. Бұл тек бастамасы, әлі де көптеген игі істер болады деп үміттенеміз. Жастарды осы акцияға белсенді қатысуға шақырамын! – дейді Шахтинск ЖРО басшысы Жасұлан Хамитов.

Qaiyrymdy ūrpaq туралы барлық ақпаратты аймақтың қалалары мен аудандарының жастар ресурстық орталықтарынан алуға болады.

Науқан 1 маусымға дейін жалғасады.