
Шахтинск қаласының жас спортшысы Руслан Фатахов өзінің салмақ және жас санаты бойынша (18—30 жас, 65—80 кг) Tartyl fest гранд-финалында үздік атанды. Ол 41 рет тартылды. Турнирге Қазақстанның 20 өңірінен барлығы 160 спортшы қатысты.

Руслан бес жылдан бері воркаутпен, стритлифтингпен айналысады. Ол бес дүркін әлем чемпионы, алты дүркін Еуропа чемпионы және қосымша салмақпен Гиннестің рекордтар кітабының алты дүркін рекордшысы.

— Іріктеу турнирінде 44 рет тартылып, бірінші орынға ие болдым және гранд-финалға жолдама алдым. Финал өткен жылы өтуі керек еді, бірақ мерзімдері кейінге қалдырылды. Тек бір ай бұрын бізге жарыс күнін хабарлады, мен бірден дайындала бастадым. Бәсекелестік өте үлкен болды: бұл турнирге ең жақсы спортшылар жиналды. Менің санатымда 17 адам бақ сынасты. Енді жеңімпаздар Финляндиядағы әлем чемпионатына жолдама алуы керек, — деді Руслан Фатахов.

Естеріңізге сала кетейік, Tartyl Fest турнирі — Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы DARA таланттарды қолдау қорының бастамасы мен жобасы. Бұл біздің еліміз үшін соңғы уақыттағы ең ауқымды спорттық іс-шаралардың біріне айналды. Tartyl Fest-ке барлығы 7 мыңнан астам қазақстандық қатысты.
