Қарағанды облысында колледж педагогтары арасында кәсіби шеберлік байқауының жеңімпаздары анықталды

Қарағанды облысында колледж педагогтары арасында кәсіби шеберлік байқауының жеңімпаздары анықталды

Саран қаласында өткен облыстық конкурста техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтары шеберлікпен жарысты. Бірінші орынды Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі мен Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушылары Дидар Жұмкина мен Анастасия Седова жеңіп алды.

Дидар Жұмкина Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде 17 жыл жұмыс істейді. Ол болашақ мұғалімдерге педагогика пәнінен білім береді. Осы жылдар аралығында бірнеше әдістемелік құралдар шығарып, электронды оқулық әзірлеген. Оның студенттері облыстық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері.

– Мен үшін бұл байқау атқарылған жұмыстарым туралы есеп іспеттес болды. Бірінші кезекте өз өзіме. Байқаудың бірінші модулінде мен "Мен және қоғам" тақырыбында бейнеролик ұсындым, онда өз жұмысымды көрсеттім. Екіншісінде біз әртүрлі педагогикалық жағдайларды шештік. Бір минут ішінде бір немесе басқа мәселені шешуі керек болды. Үшінші модульде мультимедиялық платформалармен жұмыс істеу қабілеті, жаңа технологияларды меңгеру деңгейі көрсетілді. Төртіншісінде әдістемелік жоба қорғалды. Жалпы, аса қиын болған жоқ, өйткені барлық қатысушылар тәжірибелі педагогтар, – деді Дидар Жұмкина.

Анастасия Седова да конкурста жалпы білім беретін пәндер оқытушылары арасында бірінші орынды иеленді. Ол ағылшын тілінен сабақ береді.

– Мен мектепте де, балабақшада да жұмыс істедім. Мектепке дейінгі мекемелерде көбіне шығармашылық пен креатив қажет. Бірақ олар студенттермен жұмыс кезінде де керек. Мен балаларды баурап алуға тырысамын және оларды мектепте қызықты сабақ өткізуге үйретемін. Менің студенттерімнің жетістікке жеткенін көргенде өте қуанамын. Менің ойымша, педагогика – менің сүйікті ісім. Менің ұраным - беретін сабағыңды және тәлім беретін шәкірттеріңді жақсы көру керек, – дейді Анастасия Седова.

Байқауда екінші орынды Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің педагогика және психология пәнінің оқытушысы Индира Төлегенова және "Болашақ" Қарағанды жоғары колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Меруерт Қабылова иеленді.

Жеңімпаздар дипломдармен, қатысушылар – Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының сертификаттарымен марапатталды.

Өңірлік деңгейде бірінші орын алған педагогтар ақпан айының соңында Көкшетауда өтетін республикалық кәсіби шеберлік конкурсына қатысуға дайындалып жатыр.