Қарағандылық оқушылар Халықаралық Жәутіков олимпиадасының жүлдегерлері атанды

Қарағандылық оқушылар Халықаралық Жәутіков олимпиадасының жүлдегерлері атанды

Халықаралық Жәутіков олимпиадасында қарағандылық оқушылар бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Олар үш пән бойынша – математика, физика және информатика пәндерін жетік білу бойынша өзара бақ сынасты.

Н. Нұрмақов атындағы ММЛИ оқушысы Рамазан Пердебай күміс жүлде иеленді, ал сол мектептің оқушысы Әлішер Қазтаев пен № 1 БИЛ өкілі Абзал Бекежан қола жүлдеге ие болды.

– Олимпиадаға біз екі оқушымызды жібердік – математика, информатика және физика пәндері бойынша олар үздіктер. Қазақстанда Рамазан өз пәндері бойынша бесінші, ал Әлішер – он бесінші. Бұл лайықты көрсеткіштер. Жазда республикалық олимпиада болады. Егер Әлішер жақсы нәтиже көрсетсе, республикалық құрамаға кіреді, – деді Н. Нұрмақов атындағы ММЛИ информатика пәнінің мұғалімі Айдар Сейілханов.

– Мен мұндай олимпиадаға алғаш рет қатыстым. Бірақ менің информатика бойынша басқа да халықаралық жарыстарға қатысқан тәжірибем бар. Менің жетістіктер қоржынымда Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасының күміс медалі, Қазақстандық білім беру олимпиадасының күміс медалі және басқа да марапаттар бар, – деп бөлісті № 1 БИЛ 10-сынып оқушысы Абзал Бекежан.

Халықаралық Жәутіков олимпиадасы республикалық физика-математика мектебінің базасында өтті. Оған 26 елден 281 команда қатысты – Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Ресей, Грузия, Румыния, Сербия, Украина, Үндістан, Түркия, Ұлыбритания және т. б. елдердің физика-математика бағытындағы мамандандырылған мектептердің 1200-ден астам оқушысы қатысты.

Біздің елімізді зияткерлік жарыстарда 250 оқушыдан құралған 35 команда ұсынды. Қазақстандық оқушылар 66 медаль жеңіп алды, оның ішінде 6 алтын, 20 күміс және 40 қола.

Олимпиада жүлдегерлері еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының атаулы сыйлықтары мен білім гранттарын алды.

– Мұндай зияткерлік конкурстар балалардың білімін тереңдетіп қана қоймай, командада жұмыс істеуге, достық қарым-қатынас орнатуға үйретеді, – деп атап өтті РФММ басқарма төрағасы Руслан Қалиев.