
Облыс орталығында алғаш рет Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің шағын футболдан Кубогы өтті. Ойындар шығармашылық бірлестіктің 85 жылдығына орайластырылды.

"Жастар" спорт кешенінде алты команда – Тәттімбет атындағы оркестр атынан екі, джаз оркестрі, "Арқа сазы", "Арай" ансамбльдері және "Әуен" және "Мерей" ұжымдарының құрамалары бақ сынасты.

Ойындардың қорытындысы бойынша Тәттімбет атындағы Қазақ халық аспаптар Академиялық оркестрінің командасы Кубок иегері атанды. Екінші орынды "Арқа сазы" командасы, үшінші орынды "Мерей-Әуен" құрама командасы иеленді.

"Жылдың үздік бомбардирі" номинациясында Тәттімбет атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрінің вокалисті Арман Марат жеңіске жетті.

Джаз оркестрінің музыканты Алексей Калинин "Үздік қақпашы", ал "Әуен" ансамблінің солисі Дулат Аханов "Үздік қорғаушы" атанды.

– Осы жарыстардың арқасында біздің ұжымдар жиналып, одан да жақсы достасып кетті. Біз бірінші болғымыз келді және осы нәтижеге қол жеткіздік, – деді "Тәттімбет" командасының капитаны Арман Марат.

