Шет ауданы Жұмыскер ауылында шағын спорт кешені ашылды

Шет ауданы Жұмыскер ауылында шағын спорт кешені ашылды

Шет ауданы Тағылы ауылдық округінің Жұмыскер ауылында шағын спорт кешені пайда болды.

Ескі ғимарат ауыл тұрғындарының қолдауымен жөнделіп, спорт нысаны ретінде қайта жаңартылды.

Аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қарсембаев спорт кешеніне қажетті құрал-жабдықтарды жеткізіп, спорт нысанының ашылуын қолдаған ауыл тұрғындарына алғыс хаттар мен кәдесыйлар табыс етті.

– Жалпы, соңғы жылдары біздің ауданда демеушілердің қолдауымен бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізілді.

Біздің ауылда ашылған шағын спорт кешені алдыңғы игі істердің лайықты жалғасы болып табылады. Жұмыскерде жастар спортпен шұғылдану үшін ғимарат сұрады. Қазір ауыл тұрғындарының қолдауымен сұранысты жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Өткен жылы аудандық бюджеттен ғимаратты қайта жаңартуды толық аяқтауға 2 млн теңге бөлінді.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, қосымша штаттық бірлік бөлді. Сондай-ақ, күрес секциясы облыстық спорт басқармасы бөлген бір қызметкермен толықтырылды. Нысанда ауылдың бес тұрғыны тұрақты жұмыс істейтін болады, – дейді Дәурен Қарсембаев.

Сондай-ақ, "Матан" ЖШС-нен бокс клубына құрал-жабдықтар сыйға тартылды.

Спорт кешенінде күрес, бокс, ауыр атлетика, тенниспен айналысуға болады, және фитнес те бар.

– Біздің ауылда аудан әкімшілігінің, ауыл жастарының және тұрғындарымыздың қолдауымен жаңа спорт кешені ашылды. 

Біз де, балаларымыз да өте қуаныштымыз. Бұл игі іс өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын ұстануға көмектеседі, – деп атап өтті ауыл тұрғыны Алданыш Байболов.