Саран қаласының оқушылары FIRST Championship болашақ инженерлер жарысында үшінші орынға ие болды

Саран қаласының оқушылары FIRST Championship болашақ инженерлер жарысында үшінші орынға ие болды

Саран қаласының болашақ инженерлер командасы Астанада өткен FIRST Championship жас робототехниктер жарысында үшінші орынға ие болып, қазылар алқасына күнмен жұмыс істейтін жылжымалы электр станциясының жобасын ұсынды.

№ 17 Саран мектеп-гимназиясының RoboStarsSaran командасы елордадағы жас робототехниктердің өңірлік жарыстарында сәтті өнер көрсетті. Данил Горбунов, Владимир Федин, Евгений Серегин және Данил Якунин өз жобаларын құру үшін бір айдан астам уақыт жұмыс істеді.

– Біздің балалар күн энергиясымен жұмыс істейтін жылжымалы шағын электр станциясын құрды. Модель бірнеше жыл бұрын біздің қаламызда пайдалануға берілген Саран электр станциясының прототипі болып табылады, – дейді жоба жетекшілерінің бірі Әсел Ақшалақова. – Біздің прототипіміз – геолокация негізінде қозғалатын және климаттық жағдайларды ескере отырып, күн энергиясынан батареяны оңтайлы зарядтау үшін жер бетіндегі орындарды іздейтін жылжымалы энергия жинайтын, жинақтаушы блок. Біздің ойымызша, модельді болашақта тек ірі кәсіпорындарда ғана емес, сонымен қатар шағын бизнесте де, үй көмекшісі робот, тазалаушы робот, даяшы робот, мүгедектерге арналған жетекші робот ретінде пайдалануға болады. Күн энергиясымен жұмыс істейтін мобильді электр станциясы өзіндік құнын тез ақтайды және экологиялық таза.

FIRST Championship-ке еліміздің барлық өңірлерінен барлығы 400-ден астам оқушы қатысты. Олардың барлығы баламалы энергия көздері мен энергияны үнемдеу бойынша қызықты жобаларды ұсынды. Саран командасы NIS, "Білім-инновация" лицейі және т. б. сияқты дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептердің ең мықты оқушыларымен бәсекеге түсті.

– Біз "Үздік инновациялық жоба" номинациясы бойынша үшінші орынды иелендік. Біз үшін бұл білім мен командада жұмыс істеу қабілетін көрсетуге мүмкіндік беретін нақты сынақ болды. Сонымен бірге, әрқайсымыз жайлылық аймағынан шығып, қолдан келгеннің бәрін көрсеттік, – дейді тоғызыншы сынып оқушысы Евгений Серегин. – Біздің керемет жаттықтырушыларымыз (мұғалімдеріміз) Әсел Райысқызы Ақшалақова мен Наталья Александровна Погребняковасыз мұндай жетістікке жету мүмкін емес еді. Олар бізге тәлімгер әрі досымыздай болды. Олар бізді шабыттандырды, бағыттады және қолдады.

Команда мүшелері үйге оралып, сабаққа кірісті. Олар робототехниканың мүмкіндіктерін тереңірек зерттеуге ниетті.

– Жарыс маған өте ұнады. Ең бастысы, мен пайдалы тәжірибе алдым, басқа жобаларды көрдім және алған білімімді робототехника сабақтарында қолдануға дайынмын, – деп атап өтті жетінші сынып оқушысы Владимир Федин.