
"АрселорМиттал Теміртау" 2022 жылы Қарағанды өндірушілерінен 35 млрд теңгеге тауар сатып алды. Қарағанды облысы басшылығының жүйелі жұмысының арқасында жергілікті қамту үлесі өсуде, бірақ проблемалар әлі де жалғасуда. Компания өңірде баламасы өндірілетін өнімдерді импорттауды жалғастыруда.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев "АрселорМиттал Теміртау" басшылығымен және шағын және орта бизнес өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді. Жергілікті тауар өндірушілер өз сұрақтарын тікелей қойып, шағымдарын айта алды.

- Біз жүйелі негізде "АрселорМиттал Теміртау" АҚ сатып алуларындағы жергілікті қамту үлесінің өсуін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Компания сатып алатын тауарларға талдау жүргізіледі. 2022 жылдың 9 айындағы есепті деректерге сәйкес тауарлар бойынша сатып алудың жалпы сомасы 388 млрд теңгені құрады. Бұл ретте қазақстандық қамту 301 млрд теңгені немесе 78% құрады. Шикізаттық емес тауарлар бойынша Қарағанды өндірушілерінен сатып алу 35 млрд теңгені құрап, 2021 жылдың ұқсас кезеңінің көрсеткішінен 52%-ға өсті, - деді Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Әскербек Халтонов.

Жергілікті тауар өндірушілерді қолдау үшін облыс әкімдігі "АрселорМиттал Теміртаумен" меморандумға қол қойды. Келісім 56 кәсіпорынның мүдделеріне әсер етті.
Сонымен қатар, кеңесте жергілікті ұсыныстарға қарамастан компания импорттайтын тауарлардың түрлері айтылды. Бұл швеллер мен бұрыштар, матауыштар, болат арқандар, респираторлар, қолғаптар, полиэтилен пленкасы және т. б.
"АрселорМиттал Теміртау" АҚ Бас директоры Владимир Яблонскийдің айтуынша, бар проблемаларды шешу үшін жеткізушілермен үнемі кездесулер өткізіліп тұрады. Қазақстандық мазмұндағы бағдарламаның дамуы туралы бейіндік бөлім бастығы Інжу Күзеубаев айтып берді.
Ермағанбет Бөлекпаев әрбір кәсіпорынмен мәселелерді пысықтауды талап етті.
- Компания өңірдің тауар өндірушілерінің әлеуетін толық пайдаланбайды. Бұл біздің ел, біздің аймақ және біздің адамдар екенін ұғыну керек. Барлығымыз бір шаңырақ астында тұрамыз, жерлестерімізді жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек, - деп атап өтті өңір басшысы.
Жақын арада "АрселорМиттал Теміртаумен" 2023 жылға арналған меморандумға қол қою жоспарлануда.