
Қарағанды облысында сенатор мандатына үш адам үміткер. Парламенттің жоғарғы палатасына сайлау 14 қаңтарда Қарағанды кеншілер мәдениет сарайының ғимаратында өтеді. Дауыс беруге сайлаушылар – облыс мәслихаттарының барлық деңгейдегі депутаттары жиналады.

Облыстық әкімдікте облыстық сайлау комиссиясының бастамасымен Сенат депутаттарын сайлауды ұйымдастыру бойынша бірлескен кеңес өтті.
- Қарағанды облысында Сенат депутаттығына жеті кандидат ұсынылды. Үш кандидат тіркелді: облыстық мәслихат депутаты, коммерциялық құрылымның қызметкері және қоғамдық ұйымның өкілі, - деді Қарағанды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нүркенов.
Облыстық сайлау комисссиясының ақпараты бойынша: Нұра және Осакаров аудандарының мәслихаттары кандидатурасын ұсынған Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Серік Өтешов; өзін-өзі ұсынушылар Мұрат Әбілов - Қарағанды облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысы және Қарағанды облысы Кәсіподақ орталығы төрағасының орынбасары Татьяна Шатохина тіркелді.
Қазіргі уақытта үгіт-насихат науқаны жүріп жатыр, кандидаттар сайлаушы депутаттармен кездеседі. 13 қаңтар, жұма күні тыныштық күні жарияланады.
Кеншілердің мәдениет сарайында барлық қажетті жағдайлар қамтамасыз етіледі.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық ұйымдастыру мәселелерін толық шешуді тапсырды.
- Үздіксіз интернет байланысын, дауыс беру орнын материалдық-техникалық жарақтандыруды және қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз ету қажет, - деп атап өтті өңір басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау 2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындалды.
Сенатты қалыптастыру тәртібі ҚР Конституциясында айқындалған. Парламенттің жоғарғы палатасында әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Астанадан екі адам ұсынылған. Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негізінде сайлаушылар – мәслихат депутаттары жасырын дауыс берген кезде сайланады. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі алты жылды құрайды. Құрамның жартысы үш жыл сайын қайта сайланады.