
Қазақстанда теңгелік депозиттер бойынша 10% мөлшерінде өтемақы (сыйлықақы) төлеуге өтініш беру мерзімі ұзартылды. Депозиттерге кепілдік беру жөніндегі Қазақстандық қордың (ҚДКБҚ) хабарлауынша, Қазақстан Республикасы Үкіметі тиісті қаулыға қол қойып, ол алғашқы ресми жарияланғаннан бастап күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Құжатқа сәйкес, банктер салымшылардан өтініштерді 2023 жылдың 10 ақпанына дейін қабылдауды жалғастырады. Осылайша, бұрын өтініш бере алмаған депозиторлар өтемақы алуға келісімін растай алады. Мұны депозит ашылған банк бөлімшесінде де, ресми мобильді қосымшалар арқылы онлайн режимінде де жасауға болады.
Сондай-ақ, құжатта салымшы мұрагерлерінің өтемақы беру және алу мөлшері, тәртібі бойынша шарттар қарастырылған. Мұндай жағдайларда өтемақы есептеу рәсіміне байланысты мәселелер бойынша депозиттер ашылған банктерге жүгіну қажет.
ҚДКБҚ 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша банктер салымшылардан 303,9 млрд теңгеге өтініш қабылдағанын хабарлады. Бұл ықтимал жалпы өтемақының 90,5% құрайды.
Депозиті бар салымшыға банк 10% сыйақы есептейді. Төлемдер 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін жүзеге асырылады.
Өтемақы 2022 жылғы 23 ақпанға дейін ашылған теңгелік депозиттер бойынша төленеді.
ҚДКБҚ салымшыларға мүмкіндіктерді жіберіп алмауды және мемлекеттен сыйлықақы алу үшін өтініш беру мерзімін ұзартуды пайдалануды ұсынады.
Толығырақ ақпаратты, сұрақтарыңызды info@kdif.kz поштасына, @kdif_ask Telegram-чатына жіберу арқылы немесе 1460 тегін нөмірі бойынша ҚДКБҚ колл-орталығына хабарласып, білуге болады.