Саран қаласының жас робототехниктер командасы Алматыда өткен чемпионатта бірінші орынға ие болды

Саран қаласының жас робототехниктер командасы Алматыда өткен чемпионатта бірінші орынға ие болды

Techcup-2022 робототехника және инновациялық технологиялар бойынша ашық чемпионат Алматыда Қазақстанның түкпір-түкпірінен оқушылар мен студенттердің жеті жүзден астам командасын жинады. Саран қаласының № 1 мектеп-лицейінің оқушылары кіші жас санатында бірінші орынға ие болды.

Өнертапқыштар қала әкімінің кубогына бағдарламалауда, 3D-модельдеуде, робототехника және инновациялық технологиялар бойынша инженерлік жобалар жасауда бақ сынасты.

Саран қаласының "Тұлпар" командасының қатысушылары Иван Сон мен Вениамин Колесников кіші жас санатында өнер көрсетті. Олар робот-домбырашының үлкен голограммасын ұсынды. 

– Алматыда мен өзімді сенімді сезіндім, өйткені біздің жобамыз лайықты екенін білдім. Бұл сапар өте қызықты тәжірибе болды. Мен нәтижеге ризамын, – деді Иван Сон.

– Мен әрқашан ғылыми жобаларға қатысамын, өйткені маған бірдеңе жасау, ойлап табу ұнайды. Болашақта ғарышты игеруге өз үлесімді қосамын, – деді Вениамин Колесников.

Лицей оқушылары мектептегі робототехника үйірмесінде айналысады. Алматыда оларды үйірме жетекшісі және идеялық шабыттандырушы Азамат Мұстафин ертіп жүрді.

– Балалар робототехникамен бірінеше жыл айналысып келеді. Жасына сай олар өте жақсы жобалар жасайды. Менің оқушыларым робот барабаншы, пианист жасап шығарған. Ел бойынша барлығы үш-төрт ұқсас жоба бар. Біздің домбырашы роботтың ерекшелігі – ол ноталарды таниды. Біз жасаған барлық нәрсені тек секциялық сабақтарда ғана емес, сабақтарда да қолданамыз, – дейді мұғалім. – Команда "Тұлпар" деп аталды. Менің оқушыларым өте белсенді және ақылды, олар көшбасшы. Мұндай чемпионаттарға қатысу оларға стандартты емес жағдайларда өздерін көрсетуге, қиялын қосуға және кемшіліктерін көруге мүмкіндік береді. Болашақта, менің ойымша, олардан IT-саланың тамаша мамандары шығады.

Жас өнертапқыштар робот-домбырашыны жаңартып, оған тағы бес аккордты алуға үйретуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ олардың алдағы чемпионаттарда ұсынуға дайын жаңа әзірлемелері бар.