Ермағанбет Бөлекпаев Шахтинск тұрғындарымен кездесті

Ермағанбет Бөлекпаев Шахтинск тұрғындарымен кездесті

Шахтинскіде бұған дейін қала тұрғындары облыс басшылығына айтқан бірқатар мәселелер шешілді. Олар негізінен ТКШ, жолдар, тұрғын үй, абаттандыру салаларына қатысты болды. Мысалы, қала тұрғындарының өтініші бойынша көпқабатты үйлердің біріне орамішілік орталық жылыту желілері тартылып, оларға қосымша жеке сектор үйлері қосылды.

Атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың моноқала мен жақын маңдағы кенттердің тұрғындарымен кездесуінде айтылды.

Шахтинск әкімі Мұрат Қыдырғанбеков су құбырын қайта жаңарту барысы туралы хабарлады. Барлығы 44 км желі салу керек, оның 28-і дайын. Келесі жылы жоба бойынша жұмыстар жалғасады.

Новодолинский кентінде тазарту құрылыстарын қайта жаңарту жоспарлануда. Шаханда кәріз тазарту құрылыстары мен орталық жылу пункттерінің құрылысы қарастырылған, осы нысандар бойынша ЖСҚ әзірленетін болады.

Шахтинск қаласында жолдарды қалыпқа келтіруге кірісті. Биылғы жылы Абай Құнанбаев даңғылында, Қазақстан көшесінде және қалаішілік жолдардың басқа да бірқатар учаскелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ проблемалар әлі де бар және тұрғындар тарапынан жолдардың нашарлығына қатысты түсіп жатқан шағымдары толастар емес. Келесі жылы Абай Құнанбаев даңғылын толығымен жөндеп, тағы он шақты көшені ретке келтіру көзделіп отыр.

Шахтинск қаласында кезекте тұрғандарды қамтамасыз ету үшін 60 пәтерлі үй салынды, тағы бір көпқабатты үй тапсырылады деп күтілуде. 2023 жылы жаңа құрылыс және қараусыз қалған тұрғын үйді қайта құру жоспарлануда. Тұрғын үйлерді қалпына келтіру Шахан кентінде де басталады.

Шахтинск қаласында тұрғындардың өтініші бойынша салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. Балалар үшін спорттың 11 түрі бойынша секциялар жұмыс істейді. Ересектер үшін де сабақтар ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, тұрғындар сұраған көпфункционалды корт орнатылды. Шахан саябағында роллердром орнатылды.

Келесі жылы Шахтинск пен кенттерді абаттандыру жалғасады. Шахтинск қаласында тағы бір көпфункционалды корт орнату, үш балалар ойын алаңын салу, үш футбол алаңын жөндеу жоспарлануда. Жол қозғалысы қауіпсіздігі үшін қалада автоматтандырылған жаяу жүргіншілер өткелдері орнатылады. Долинка және Солтүстік-Батыс кенттерінде жеті ойын және спорттық балалар алаңын, Новодолинскіде – көпфункционалды хоккей кортын жабдықтау жоспарлануда. 

Кездесуде тұрғындар ашық микрофон форматында өз сұрақтарын қойды.

– Сіздердің өтініштеріңіздің ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Бүгін айтылған мәселелерді орындау бойынша жоспар әзірленетін болады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Кездесу соңында облыс әкімі жеке мәселелер бойынша қабылдау өткізді.